Еңбек құқықтарын қорғау, дауларды шешу, әлеуметтік қолдау көрсету. Петропавлда Қазақстан кәсіподақтары күніне орай бірнеше іс-шара өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні! Айтулы мерекеге орай облыстық кітапханада салтанатты шара өтті. Жиылған қауымды атаулы күнмен облыс әкімі атынан бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады. Ол өз сөзінде ұйымдардың жұмысын жоғары бағалады, қоғамға сіңірген еңбегін атап өтті.
10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні!
«Бүгінде кәсіподақ алдында маңызды міндеттер тұр. Әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сіздердің қосып жүрген үлестеріңіз орасан зор. Кәсіподақ қозғалысын құрған ардагерлерге де алғысым шексіз», деді Марат Тасмағанбетов.
Бүгінде аймақтағы кәсіподақ ұйымынының құрамына мыңнан астам мекеме кіреді. Онда 60 мыңнан астам жерлесіміз жұмыс істейді. Қоғамдық бірлестіктің басты жетістігі — биыл облыста еңбек дауларының тіркелмеуі.
«Басты мақсатымыз — еңбеккерлердің құқықтарын қорғау. Бізде заң клиникасы жұмыс істейді. Келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін ұйымдарға барып, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз», деді, «СҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев.
Шарада барлығы 60-қа жуық маман құрметке бөленді. Сонымен қатар, кәсіподақтар күніне орай ардагерлер аллеясында көшет егілді. Кәсіподақ қозғалысы ардагерлеріне арналған аллея 2019 жылы құрылған. Содан бері жылда көшет егіледі. Бүгінгі таңда мұнда 170-ке жуық сібір шыршасы жайқалып тұр. Ал «Таза Қазақстан» бастамасы аясында биыл айналаны көгалдандыруға ерекше басымдық берілді.