14 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұру ережесі өзгерді. Енді өтініш берушінің ғана емес, оның отбасы мүшелерінің де баспанасы бар-жоғы тексеріледі, деп жазады Qazaqstan Media.
Егер азаматтың немесе оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйдің 50 пайызы немесе одан көп үлесі болса, ол баспанаға мұқтаж ретінде есепке қойылмайды. Ал үлесі 50 пайыздан аз болса, кезекке тұру мүмкіндігі сақталады.
Мұрагерлікпен алынған баспана да есепке алынады. Егер мұраға қалған үйдің 50 пайыздан астам бөлігі адамның атына рәсімделсе, бұл тұрғын үй кезегіне тұруға әсер етеді.
Тағы бір өзгеріс — пәтер таңдағанда енді тек шаршы метр емес, отбасы мүшелерінің саны мен бөлме саны ескеріледі. Бұл әсіресе көпбалалы отбасыларға баспана бөлуді жеңілдетуге бағытталған.
Сонымен қатар жетім балалардың қамқоршысы ауысқан жағдайда олардың тұрғын үй кезегіне алғаш тұрған күні сақталады.
Жаңа талаптардың мақсаты — мемлекеттік қолдауды шын мәнінде баспанаға мұқтаж азаматтарға бағыттау.
Тағы оқыңыз: Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанған әйел алаяқтық үшін үш жылға сотталды

