23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – еліміздің саяси жүйесіндегі маңызды кезеңдердің бірі. Солтүстік Қазақстан облыстық «Ауыл» партиясы филиалының төрағасы Қайрат Пішенбаевтың айтуынша, бұл науқан жаңа Конституция аясында жүзеге асырылып жатқан реформалардың жалғасы болмақ, деп жазады Qazaqstan Media.

Қайрат Пішенбаевтың пікірінше, Құрылтайдың құрылуы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

«23 тамызда өтетін сайлау – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға. Әрбір азамат өз таңдауын жасап, мемлекеттің болашағына үлес қоса алады. Сайлаудың ашық әрі әділ өтуі қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырып, еліміздің тұрақты дамуына негіз болады деп сенемін», – деді Қайрат Пішенбаев.

Оның айтуынша, жаңа саяси модельдің басты ерекшелігі – ашықтық, жауапкершілік және халық пікіріне басымдық беру. Сондықтан Құрылтай депутаттары сайлаушылармен тұрақты байланыс орнатып, өңірлердегі өзекті мәселелерді көтеруге және олардың шешілуіне ықпал етуге тиіс.
Сондай-ақ Қайрат Пішенбаев ауылдық аумақтарды дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік саланы жетілдіру бағытындағы бастамалар жаңа Құрылтай жұмысының маңызды бөлігіне айналатынына сенім білдірді.

«Қоғамның дамуы әр азаматтың белсенділігіне байланысты. Сондықтан сайлауға қатысу – тек құқық қана емес, ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі», – деді ол.

Оның пікірінше, алдағы сайлау демократиялық үдерістерді одан әрі жетілдіруге, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға және елдің орнықты дамуына жаңа серпін береді.

Тағы оқыңыз: Петропавлда жүргізуші сақтандыру компаниясымен соттасып, 2 миллион теңгеден астам қаражат өндіріп алды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *