Ахмет Тирьякиоғлу бастаған түркиялық делегациямен кездесуге қаржы ұйымдарының өкілдері мен жергілікті аграрийлер қатысты.
Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Өңірдің жемшөп қоры мал өсіру мен бордақылаудан бастап, етті терең өңдеуге және дайын өнімді шетелге шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес өңірде мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр. «Береке» және «Игілік» бағдарламалары аясында 22 жобаны қаржыландыруға 15 млрд теңге бөлінген. Қаражат толық игерілді.
Жыл басынан бері облысқа Австралия, Германия, Дания, Нидерланд және Ресейден 5 030 бас асыл тұқымды мал әкелінді. Өңір тарихында алғаш рет Австралиядан асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал жеткізілді. Қазір шетелден қосымша мал әкелу мәселесі қарастырылып жатыр.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов түркиялық инвесторлардың ұсыныстарын жан-жақты зерделеуді тапсырды. Мамандар кәсіпорындар салуға қолайлы жерлерді анықтап, жобаларды қаржыландыру және мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін қарастырады.
Бірлескен жобалар жүзеге асса, өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, ет өңдеу көлемі артады. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстанның экспорттық мүмкіндігі кеңейеді.

