Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның құқықтық дамуындағы маңызды қадам болды. Ата Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Ұлттық ұлан академиясы бастығының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Руслан Альназиров жаңа Конституцияның әскери қызметшілер үшін де маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оның айтуынша, мемлекеттің тұрақты дамуы ең алдымен заңның үстемдігіне байланысты. Әрбір азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін білуі керек. Ал әскери қызметшілер заңды сақтауда өзгелерге үлгі болуға тиіс.
«Конституцияны құрметтеу – мемлекетті, Отанды және халықтың жарқын болашағын құрметтеу. Әскери қызметші елдің қорғаушысы ғана емес, тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісі болуы керек», – деді Руслан Альназиров.
Полковник Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызына да тоқталды. Оның пікірінше, заң лауазымына қарамастан барлық азаматқа ортақ болуы тиіс. Ал әскери ортада тәртіп пен заңдылық кәсіби қызметтің негізі саналады.
Бүгінде Ұлттық ұланда әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Арнайы сабақтар, семинарлар мен түсіндіру кездесулері тұрақты түрде өткізіледі.
Ұлттық ұлан академиясында да болашақ офицерлердің кәсіби білімімен қатар адамгершілік қасиеттерін дамытуға басымдық беріледі. Курсанттар Конституцияның негізгі ережелерін, әскери заңнаманы, қызметтік тәртіп пен адам құқықтарын қорғау талаптарын меңгереді.
«Нағыз офицер заңды өзі сақтап қана қоймай, оны қарамағындағы әскери қызметшілерге түсіндіре білуі керек. Ол әділдігімен және жауапкершілігімен өзгелерге үлгі болуға тиіс», – деді полковник.
Руслан Альназировтың пікірінше, мемлекеттің беріктігі азаматтардың заңға деген құрметінен басталады. Ал қуатты әскердің негізі – жоғары тәртіп, кәсіби біліктілік және жауапкершілік. Әрбір әскери қызметшінің басты міндеті – елге адал қызмет ету және халықтың сенімін ақтау.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында кезекті өрт сөндіру бекеті ашылды

