Қазақстанда дауыс беру аяқталды. Сағат 20:00-де сайлау учаскелерінің есігі жабылып, комиссия мүшелері бюллетеньдерді санау жұмысына кірісті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Солтүстік Қазақстан облысында сайлаушылар үшін 543 учаске жұмыс ісиеді. Оның 92-сі Петропавл қаласында орналасқан. Дауыс беру процесін ұйымдастыру мен оның заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз етуге өңір бойынша төрт мыңнан астам комиссия мүшесі атсалысты.

Бүгінгі саяси науқан өңір тұрғындарының азаматтық белсенділігімен де ерекшеленді. Сайлау учаскелеріне алғаш рет дауыс берген жастар, отбасы болып келген тұрғындар, бірнеше буын өкілдері жиналды. Тіпті жасы жүзден асқан қариялар да өз таңдауын жасап, ел өміріндегі маңызды науқаннан тыс қалмады.

Ал ұлттық нақыштағы киім киген тұрғындар мен өнер ұжымдарының қатысуы сайлау учаскелеріндегі ерекше атмосфераны қалыптастырды. Осылайша, өңірде дауыс беру күні азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық белсенділіктің көрінісіне айналды.
Ендігі кезекте учаскелік комиссиялар бюллетеньдерді санап, дауыс беру нәтижелерін қорытындылайды. Сайлаудың алдын ала нәтижелері санау жұмыстары аяқталғаннан кейін жарияланады.

Тағы оқыңыз: Петропавлда 102 жастағы тыл ардагері үйден дауыс берді

Поделиться:

Shares