Петропавл қаласының тұрғыны Вадим Ш. үшін саунаға барған бір кеш 850 мың теңге шығынмен, қылмыстық іспен және жұбайына түсініктеме берумен аяқталды. Жұмысынан жақсы табыс тауып, демалуды көздеген ер адам ақыры сотта қаралған оқиғаның басты кейіпкеріне айналды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өткен жылдың қыркүйегінде Вадим Ш. демалуды ұйғарған. Ол қаладағы сауналардың біріне барған. Кейін белгілі болғандай, танысы саунаға жеткізеді. Саунаға келген ер адам әкімші Натальядан «махаббат түнін» өткізуге қыз керек екенін айтқан. Наталья түнгі көбелектердің қызметі 30 мыңнан 45 мың теңгеге дейін, бағасы кімнің келетініне байланысты өзгеретінін айтады.
Бұдан кейін ер адам екі сағатқа сауна бөлмесін жалдап, алкоголь мен түрлі тағамдарға тапсырыс берген. Өзінің айтуынша, сол кеште шамамен 120 мың теңге жұмсапты. Қалтасында 100 мың теңгеден астам қолма-қол ақшасы болған, ал банк шотында шамамен 1,5 миллион теңге жатқан. Оның бір миллион теңгесін дәл сол күннің алдында тапқан екен.
Көп ұзамай оған У. есімді әйел қосылған. Олар бірге отырып, ішімдік ішіп, әңгімелескен. Алайда жәбірленушінің айтуынша кейін ол масайып қалған, есінде ештеңе қалмапты. Сотта жәбірленуші сол кештің көп бөлігін нақты есіне түсіре алмады.
«Менің ойымша, жоспарланған қызмет көрсетілген жоқ. Себебі өзімнің жағдайым оған мүмкіндік бермеді», – деген ол.
Осылайша демалу үшін басталған кеш күтпеген жерден аяқталған. Ал оны саунаға жеткізіп келген танысы досын үйіне қайтаруға тырысқан. Ол шамамен жиырма рет қоңырау шалғанымен, жауап ала алмаған. Кейін кейбір қоңыраулардың телефоннан өшірілгені анықталды.
Вадим Ш. үйіне түнгі сағат үштер шамасында келген. Жұбайының айтуынша, үйге кірген бойда диванға жатып, бірден ұйықтап қалған. Бірақ негізгі оқиғалар дәл осыдан кейін басталған.
Біраз уақыт өткен соң ер адам банк шотынан 850 мың теңгенің жоғалғанын байқайды. Мән-жайды анықтау үшін жұбайымен бірге банк қосымшасын тексерген. Түн ішінде бірнеше түрлі есепшотқа ақша аударылғаны белгілі болған. Осыдан кейін ол полицияға арыз жазады.
Тергеу барысында ақша аударымдарына саунада бес жылдан астам жұмыс істеген әкімші Натальяның қатысы бар екені анықталған. Үш баланы тәрбиелеп отырған әйел сот алдына тартылды.
«Ол бәрін өзі сұрады»
Алайда сотталушы өз кінәсін мойындамапты. Оның айтуынша, барлық әрекет клиенттің өтініші бойынша жасалған.
«Ш.-ның телефоны үстелде жатқан. Ол қызмет ақысын мобильді қосымша арқылы төлеп, чекті көрсетті. Кейін У. маған оның қолма-қол ақша шешіп беруді сұрағанын айтты. Ақша К.-ның шотына түсті. Ол қаражатты қолма-қол шешіп, маған әкелді. Мен оның ішінен сауна мен тапсырыс құнын алып қалып, қалғанын У.-ға бердім. Кейін ол ақшаны Ш.-ға қайтарды ма, жоқ па – білмеймін», – деді Наталья сотта.
Ал жәбірленуші телефонды үстелде қалдырғанын, кейін кетер кезде біреудің өзіне қайтарып бергенін айтты. Бірақ оның кім болғанын білмейді.
Телефонда банк қосымшасы орнатылған және парольмен қорғалған. Кодтың басқа адамдарға қалай белгілі болғанын ер адам нақты түсіндіре алмады. Дегенмен тергеу кезінде сол кеште өзінің қаржылық жағдайын көрсету үшін телефонды бірнеше рет ашқанын мойындаған.
Тергеу барысында ақша түскен есепшот иесі де куәлік берді. Оның айтуынша, бірнеше ірі аударым түскенде таңғалған. Бірақ оған «ер адам демалып жатыр, ақшасын шешіп беруді өтінді» деп түсіндірген. Әйел ақшаны қолма-қол шешіп, саунаға жеткізген. Алайда сол уақытта жәбірленуші үйіне қайтып бара жатқан болып шыққан.
Өшірілген хабарламалар мен күмәнді әрекеттер
Киберқауіпсіздік мамандары телефонды зерттеу барысында SMS-хабарламалардың өшірілгенін, браузер тарихының тазаланғанын және ақша аударылғаннан кейін құрылғының қайта жүктелгенін анықтаған.
Сот мұны болған оқиғаның ізін жасыру әрекеті болуы мүмкін деп бағалады. Қорғаушылар жәбірленушінің полицияға бірден жүгінбегенін алға тартқан. Бірақ сот оның ақшаның жоғалғанын кейінірек ғана байқағанын ескерді. Барлық дәлелдерді зерттеген сот ақша жәбірленушінің келісімінсіз аударылған деген қорытындыға келді.
Нәтижесінде Наталья ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу арқылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен жасалған ұрлық бойынша кінәлі деп танылды.
«Наталья Муха кінәлі деп танылып, оған екі жыл алты ай мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын», – деп үкім шығарды судья Елена Аушакимова.
Сондай-ақ жәбірленуші 850 мың теңге материалдық шығынды, 190 мың теңге адвокат шығынын және 300 мың теңге моральдық өтемақы өндіруді сұрады.
Сот материалдық шығын мен адвокат қызметіне кеткен қаражатты өндіріп беру туралы талапты қанағаттандырды. Алайда моральдық зиянды өтеу туралы талапты қанағаттандырмады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқыңыз: Ғ.Мүсірепов ауданында жасөспірім Есіл өзеніне батып кетті

