Петропавлда жастардың білімін арттыруға арналған квест ойыны өтті
Петропавлда жастар арасында «Өмір үшін бірге» атты квест ойыны өтті. Шара «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы және «Таза Қазақстан»акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлда жастар арасында «Өмір үшін бірге» атты квест ойыны өтті. Ең алдымен сайысқа қатысушы командалар өздерін таныстырды. Кейін оларға ұйымдастырушылар ойын тәртібін түсіндірді.
Петропавлда жастардың білімін арттыруға арналған квест ойыны өтті
«Сайысқа 3 команда қатысады. Әрқайсысында 15 адам бар. Олар карта арқылы саябақта жасырылған бекеттерді тауып, ондағы сұрақтарға жауап беруі тиіс. Шара аяқталғаннан кейін біз жауап парағын тексеріп, жеңімпазды анықтаймыз», деді қазылар алқасының мүшесі Жұлдыз Шәкірова.
Шара бастала салысымен қатысушылар карта арқылы жасырылған бекеттерді табуға кірісті. Қарқындары жаман емес. Әр бекетте олар денсаулық, құқықбұзушылық және тазалық мәдениеті бойынша тапсырмаларды орындады.
Әр команда барлығы 5 бекетті тауып, ондағы жасырылған тапсырмаларды орындауы тиіс. Ұйымдастырушылардың сөзінше, түсіндірме шараларынан гөрі, осы сияқты қызықты ойындар арқылы балалар көп дүниені ойға түйеді.
«Бізге ЖИТС инфекциясы жайлы сұрақтар келді. Бізден алдын алу, қорғану жолдарын сұрады . Әзірге, 3 бекетті тапты. Ондағы сұрақтардың барлығына дұрыс жауап беріп, жоғары ұпай алдық», деді шараға қатысушы Әмір Қиззат.
Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік сыйлықтармен марапатталды. Кейін шара қатысушыларына арналып экопикник ұйымдастырылды.