Петропавлда дәмханалардың бірінің маңында түнде төбелес болып, оны полицейлер тоқтатқан. Жанжалдасқандардың бірі ұсталды. Ол енді ірі көлемдегі айыппұл төлейді немесе екі жылға сотталауы мүмкін, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Облыс орталығындағы төбелес түнгі сағат 02.45 шамасында болған. Дәмханалардың бірінен шыққан жігіттер далада сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласқан. Салдарынан екі ер адам зардап шекті. Түнгі төбелесті оқиға орнына шұғыл жеткен полицейлер тоқтатты.
«Бүгінгі таңда бұзақылық жасады деген күдікпен жанжалдасқандардың біреуі ұсталды. Жасы 42-де. Оның сөзінше төбелес болмаған. Алайда бейнебақылау камерасындағы жазба төбелестің болғанын көрсетті. Барлық оқиғаның мән-жайын тергеуші анықтайтын болады», — деп нақтылады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Полицейлердің айтуынша, бұзақылық жасағаны үшін ол 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін не екі жылға дейінгі мерзімге сотталады. Ал алдын ала келісім арқылы немесе басқа да ауырлататын мән-жайлар анықталса, мәселен адамдар тобымен жасалғаны дәлелденсе, онда алты жылға дейін, қару қолданылса жеті жылға дейін түрмеге қамалуы ықтимал.
Тағы оқыңыз: Петропавл тұрғыны терезеге перде ілемін деп көкбауырын жыртып алған