Солтүстік Қазақстан облысында су айдындарындағы 46 демалыс орнының 11-і міндетті санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алмай жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі-Пестрое көлі жағажайы. Мамандар мұндай нысандардың қызметі тоқтатылуы мүмкін екенін ескертеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Өңірде көпшілік демалатын 61 орын бекітілген. Оның 15-і түрлі себептермен әзірге жұмыс істемейді. Айыртау ауданындағы үш демалыс базасында құрылыс жүріп жатыр, жеті нысан жеке пайдалануға арналған, ал төрт орын су тасқынынан кейін әлі ашылмаған.
Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған 46 нысанның тек 33-інде санитарлық-эпидемиологиялық сәйкестік туралы қорытынды бар. Қалған 11 демалыс орны қажетті құжаттарды рәсімдемеген.
СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлованың айтуынша, санитарлық қорытындының болмауы қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзу болып саналады.
«Барлық ұйымдастырушылар бұл құжаттарды алуы тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ нысандардың қызметі тоқтатылуы мүмкін. Нысан жалға алынған ба, әлде жеке меншікте ме – оған қарамастан, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының қорытындысы болуы міндетті. Бұл демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нысанның қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет», – деді Татьяна Горлова.
Құжаттары жоқ нысандардың қатарында жергілікті атқарушы органдарға қарасты төрт демалыс орны бар. Олар – Петропавлдағы Пестрое көлінің жағажайы, Жамбыл ауданындағы Баян көліндегі демалыс аймағы және Ғабит Мүсірепов ауданындағы Есіл өзенінде орналасқан екі жағажай. Бұл нысандарға ескерту хаттары жолданған. Сонымен қатар, Айыртау ауданында тағы жеті демалыс орны қажетті қорытындыны алмаған.
Санитарлық қызмет мамандары инфрақұрылым мәселелеріне де назар аударды. Бүгінде 25 нысан ауыз сумен терең ұңғымалар арқылы қамтамасыз етілсе, 11 демалыс орнына су арнайы тасымалданады. Ал тек 25 орын ғана септик-жинақтағыштармен жабдықталған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мамандандырылған ұйымдардың жетіспеушілігі де өзекті мәселе болып отыр.
Мамандар аптап ыстықта демалыс орындарына алып келінетін азық-түлікке ерекше сақ болуға шақырады. Көптеген базаларда тамақтану ұйымдастырылмағандықтан, демалушылар тағамдарын өздерімен бірге әкеледі.
«Жазғы демалыс кезінде тез бұзылатын өнімдерді сақтау талаптарын қатаң сақтау қажет. Кремді кондитерлік өнімдерді, сүт тағамдарын, жартылай фабрикаттарды, субөнімдер мен тартылған еттен жасалған өнімдерді табиғатқа алып шығуға болмайды. Ыстықта мұндай тағамдарда бактериялар өте тез көбейеді және бұл ауыр тағамдық улануға, тіпті ауруханаға жатқызуға дейін алып келуі мүмкін», – деп ескертті санитарлық дәрігерлер.
Мамандар тұрғындарға арнайы термосөмкелер мен салқындатқыш контейнерлерді пайдалануға кеңес береді. Бұл өнімдердің сапасын сақтап, денсаулыққа төнетін қауіпті азайтуға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: СҚО полицейлеріне 100 су жаңа қызметтік автокөліктің кілті табысталды

