Омбылықтар СҚО-ға гуманитарлық көмек жеткізді

Бүгін СҚО-на Ресейдің Омбы қаласынан гуманитарлық көмек тиелген бес жүк көлігі жетті. Омбылықтар тасқын су салдарынан петропавлдықтардың ауыз сусыз отырғанын естіп, өңірге 10 тонна су әкелген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Гуманитарлық көмек тиелген бес жүк көлігі «Қызылжар» қалалық мешітінің жанына келіп тоқтады. Сол жерде бірден тұрғындарға үлестірілді. Омбылықтар тасқын судан зардап шеккен петропавлдықтарға ең қажетті заттарды әкелген.

«Петропавлда осындай қиын жағдай болғандығын сенбі күні білдік. Тұрғындар баспанасынан айырылып, қала сусыз қалған. Біз бірден көмек жинай бастадық. Сөйтіп, бір тәуліктің ішінде омбылықтар қажетті заттарды әкеліп, қолдау көрсетті. 10 тонна су алып келдік. Өйткені, ауыз су мәселесі әлі күнге дейін өзекті екендігін білеміз. Және күнделікті тұтынатын өнімдер жеткізілді. Ол – күнбағыс майы, күріш, картоп, пияз, ұн және нан. Сондай-ақ бөгеттерді нығайтуға керек болады деп 4000 қап және 20 шақты етік әкелдік», – дейді Омбы қаласындағы «Иман» мешітінің бас имамы Дулат Сағитов.

Омбыдан жеткізілген гуманитарлық көмекті петропавлдықтар лезде таратып алды. Әсіресе, бес литрлік су тұрғындар арасында ерекше сұранысқа ие болды.

«Осындай көмек көрсетіп жатқан омбылықтарға алғысым шексіз. Бес литрлік суды екі-үш күннен бері дүкендерден таба алмай жүр едім. Жаңа бірден екі бөтелкесін берді», – дейді қала тұрғыны.

«Осындай қиын сәтте қолдау көрсетіп жатқан жандарға алғысымды білдіремін», – деді қала тұрғыны.

Бұл өңірге жеткізілген гуманитарлық көмектің алғашқы легі. 2-3 күннен соң Омбы қаласынан тағы 5-6 жүк көлігі келеді.

«Маған жергілікті жердегілер қажетті заттардың тізімін жіберді. Онда гигиеналық құралдар, матрас, төсек жабдықтары қажет деп көрсетілген. Алдағы күндері соларды жинап, тағы СҚО-на жеткіземіз. Жалпы Омбы қаласы бойынша 5-6 жерде көмек жиналуда. Қазірдің өзінде тұрғындар генератор, қайықтар алып келіп жатыр. Қолдан келгенше бауырларымызға көмек көрсетуге тырысамыз», – деді «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы Қуаныш Елеутаев.

Тағы оқыңыз: Т. Сұлтанғазиев: Дәрілердің бағасын өсірмеудібақылау керек

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x