Назарбаев университеті мен Қозыбаев университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат білім мен ғылымды дамытуға, оқытушылардың біліктілігін арттыруға және өңірге қажетті мамандар даярлауға бағытталған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Назарбаев университетінің өкілдері жұмыс сапарының екінші күнінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті. Тараптар жоғары білім беру саласындағы әріптестіктің жаңа бағыттарын талқылады. Ынтымақтастық аясында Назарбаев университетінің профессорлары Солтүстік Қазақстанға келіп, жергілікті оқытушыларға тәжірибесімен бөліспек. Ал өңір мамандары елордадағы университетке барып, біліктілігін арттыра алады.

«Бүгінгі кездесу – өзара тәжірибе алмасып, алдағы ынтымақтастықтың бағыттары мен мақсаттарын айқындауға жақсы мүмкіндік. Назарбаев Университеті еліміздегі білім мен ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан жетекші оқу орындарының бірі деп білеміз. Сондықтан бүгінгі пікір алмасудың біз үшін маңызы зор. Кездесуіміз нәтижелі өтіп, нақты ұсыныстар мен жаңа бастамаларға негіз болады деп сенемін», — деді СҚО әкімі.

Кездесуде жасанды интеллект пен озық технологияларды білім беру үдерісіне енгізу мәселесіне де басымдық берілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, су ресурстары секілді жеті бағыт бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

«Қозыбаев университетінің мүмкіндігімен таныстық. Инфрақұрылым бойынша еліміздегі жетекші білім ордаларының бірі деп нық сеніммен айта аламын. Біз сіздермен 7 бағыт бойынша жұмыс істегіміз келеді. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы, су ресурстары сияқты маңызды салалар бар. Әріптестігіміз өрге жүзеді деп сенемін», — деді Назарбаев Университетінің президенті Вакар Ахмад.

Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/arzan-daerilerding-baghasyn-memleket-endi-rettemejdi/

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *