«Әділет» саяси партиясының фракциясы Қазақстанның ұлттық тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған ақпараттық саясатты күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Шолпан Каринова Мәдениет және ақпарат министріне жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда тарихи сана тек оқулықтар мен ғылыми еңбектер арқылы ғана емес, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы да қалыптасады. Әсіресе жастардың TikTok, Instagram және YouTube сияқты платформалардан ақпаратты көп алатынын ескерсек, Қазақстан тарихына қатысты контенттің деректілігі мен ғылыми негізділігі маңызды.

«Ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді», – деген Мемлекет басшысының Құрылтай сессиясының ашылуындағы сөзін келтірген Шолпан Каринова ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға мемлекеттік деңгейде жүйелі көзқарас қажет екенін атап өтті.

«Әділет» партиясының ұстанымына сәйкес, әділдік ұлттық сана мен болмыстың негізгі қағидаларының бірі болуы тиіс. Ал әділдік тарихи шындыққа объективті көзқарастан басталады.

Депутат әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпараттың тез таралатынына назар аударды. Оның пікірінше, мұндай жағдайға дер кезінде кәсіби жауап беріп, нақты дерек ұсынатын тиімді тетік қажет.

Сауалда елде атқарылып жатқан маңызды жұмыстарды халыққа түсінікті тілде жеткізу мәселесі де көтерілді. Шолпан Каринова азаматтарға реформалардың мақсаты, нәтижесі мен қоғамға әсерін түсіндіретін журналистиканың маңызын атап өтті.

«Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде», – деді депутат.

Осыған байланысты «Әділет» фракциясы Үкіметке ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындауды, Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыруды ұсынды.

Сонымен қатар тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдау, цифрлық платформаларда Қазақстан тарихын түсінікті әрі заманауи форматта насихаттау және тарихи тақырыптағы жалған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыру ұсынылды.

Тағы оқыңыз: Арзан дәрілердің бағасын мемлекет енді реттемейді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *