ағаш бұйымдарын жасайды

С. Мұқанов көшесінің бойында орналасқан «Семейный» сауда үйіне кіре бергенде назар бірден ағаштан ойылып жасалған ас үй бұйымдарына түседі. Бұл заттарды петропавлдық Сергей Сапко жасаған. Азамат екі аяғынан айырылса да, қол қусырып отырмай, халыққа пайдалы дүние жасап, сатып жүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

42 жастағы тұрғын қолөнерге бала күнінен жақын. Ағаштарды ойып, түрлі заттарды жасай береді. Сөзінше, осы іс оның өмірге деген құштарлығын одан әрі оятады. Жалпылай айтқанда, алға қарай ұмтылуға мотивация береді. Әрі өзі сияқты мүгедектігі бар жандарға үміт отын сыйлап, көңілдерін аулауға тырысады.

 

«Өзіміздің ұйымымыз бар. Ол жақта мен сияқты адамдар қолдан келетін өнерлерін жасайды. Мәселен, саудаға шығарылған мына ойыншықтарды екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар 2 қыз тоқиды. Өзім ағашты ойып, күнделікті өмірге қажетті дүниелерді жасаймын. Үй жиһаздарын да қалыпқа келтіріп беремін», – дейді жерлесіміз.

Азаматтың қолынан шыққан бұйымдарға тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Сұхбатымызды жазып тұрған аз уақыттың ішінде қаншама адам келіп, қызығушылықтарын танытып кетті. Қыз-келіншектердің көбісі ұзынды-қысқалы оқтауды сатып алады екен. Сергей Сапко тауарларды жұма және сенбі күндері саудалайды. Сонымен қатар, Instagram мен WhatsApp желісінде тапсырыс қабылдайды.

«Мамандығым да ағаш оюмен байланысты. Өзіме ұнаған заттарды жасаймын. Бұл іспен шұғылданып жүргеніме 8 жыл болып қалды. Алайда, мұнымен тоқтап қалмаймын, алға қойған ауқымды жоспарларым бар. Дегенмен, ол үшін қосымша станоктар керек. Қазір қолымда көбірек құрылғы болғанда, тауарлардың саны арта түсер еді. Станоктың ең қарапайым дегені жарты млн тұрады», – деді Сергей Сапко.

Осы ретте қайсар жан солтүстікқазақстандықтарға ойға алған істі қорықпай жасауға кеңес береді. Әйтпегенде, босқа бас қатырудың қажеті жоқ дейді.

«Шектеу тек адамның миында ғана. Оны алып тастап, өмірге деген көзқарасты өзгерту керек. Қолымнан келмей жатыр немесе ақша жоқ деген сылтауды айтып отыра берсеңіздер, бұдан ештеңе шықпайды», – дейді азамат.

Тағы оқыңыз: Келешекте Қазақстандағы 3 мыңнан астам ауыл интернетпен қамтылмақ

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x