«Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін»: Қырнаушы өз жұмысының қыр-сырымен бөлісті

Аққайың ауданындағы ірі серіктестіктердің бірі – «Полтавское» ЖШС-і. Бүгінгі күні мұнда 150-ге жуық маман еңбек етеді. Барлығы дерлік Полтавка ауылының тұрғындары. Солардың бірі – Евгений Безвинный. Ер адам 30 жылдан астам уақыттан бері осы серіктестікте жұмыс істейді. Еңбек адамымен Qazaqstan Media тілшісі танысып қайтты.

«Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін»: Қырнаушы өз жұмысының қыр-сырымен бөлісті

Евгений Безвинный Полтавка ауылының тумасы. Мектепте білім алып жүріп ол көп жылдық тарихы бар «Полтавское» ЖШС жұмысқа орналасады. Дәл осы жерде сол кезде кейіпкеріміздің әкесі де механизатор болып еңбек еткен екен. Жас жігіт бірден металл жонушы болып қызмет ете бастайды. Содан бері 33 жыл өткен.

«Қырнаушы болғандықтан басты міндетім – егістік алқаптарында жүретін ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу. Себебі бұл техникасыз жоғары сапалы егін алу мүмкін емес. Әсіресе, егін егу науқанында жұмысымыз қызады. Көктемгі шаруаға дайындықты металл жонушылар ерте бастайды. Комбайн, тракторларды тексеріп, жұмысқа жарамды-жарамсыз екенін анықтап, қажет болған жағдайда бөлшектерін ауыстарымыз», – дейді «Полтавское» ЖШС металл жонушысы Евгений Безвинный.

Евгений Григорьевич қырнаушы ісінің қыр-сырына әкесінен және осы жерде еңбек еткен мамандардан үйренген. Өз ісінің шебері жастайынан осы серіктестікке келгеніне еш өкінбейді. Себебі дәл осы жерде адал дос пен әріптестерді тауып, сүйікті ісімен шұғылданады.

«Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникасы жылдан жылға жаңарып келеді. Көліктердің барлығы автоматтандырылған. Бұл әрине, өте ыңғайлы. Біз де оларды жөндеген кезде арнайы оқытудан өтеміз. Жалпы жұмысым өзіме қатты ұнайды. Өзімді басқа салада елестете де алмаймын. Жалақымыз да жақсы. Бұл салаға келгеніме еш өкінбеймін», – дейді «Полтавское» ЖШС металл жонушысы Евгений Безвинный.

Бүгінгі күні «Полтавское» ЖШС-де 150-ге жуық маман еңбек етеді. Басым бөлігі Полтавка ауылының тұрғындары. Серіктестік өз қызметкерлері үшін барлық жағдай жасауда. Үйлер салып, ауылішілік жолдарды жөндеп, басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге ат салысады.     

Тағы оқыңыз: Дәрігерлерді үйге онлайн шақыруға болады

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x