40 градусқа дейін және одан да жоғары: Алдағы жаз былтырғыдан да ыстық болады

Алдағы жаз 2023 жылдың жазынан да ыстық болады. Бұл туралы төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Бұл синоптиктердің болжамын вице-министр Мәжілісте өткен үкімет сағатында айтты.

«Қазгидромет мәліметінше, жазда орташа температура 19-23 градус болады және 40 градусқа дейін және одан да жоғары көтеріледі. Былтыр ауа температурасының көтерілуі, кей күндері 40-44 градусқа дейін жетіп өрт қаупін тудырды», – деді Сыздықов.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою жүйесін күшейту мақсатында экология министрлігі мен төтенше жағдайлар министрлігінің бірлескен бұйрығы бойынша табиғи өрттерді жою саласындағы уәкілетті органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылы алгоритмі бекітілгенін айтты.

«Алгоритмде мемлекеттік орман күзеті де, ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері де жағдайды бағалайды және орман өрті кезінде қосымша күш тарту туралы шешім қабылдайды. Бұдан басқа, алгоритм авиация мен қорғаныс министрлігінің, ІІМ мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелерін жұмылдыру, сондай-ақ ахуал күрделенген кезде эшелондалған қадамдық іс-қимылдар мәселесін регламенттейді», – деді Нысанбаев.

Шенеуніктің айтуынша, орман өрттерін сөндіру бойынша білім мен тәжірибелік дағдылар деңгейін арттыру үшін мемлекеттік органдар азаматтық қорғау академиясының базасында мемлекеттік орман күзеті мен орман шаруашылығы қызметкерлерін оқыту бағдарламаларын бекіткен.

«Сонымен қатар жеке және заңды тұлғаларға орман ресурстарын пайдалану және орман ресурстарына бару кезінде қойылатын талаптарды нақтылау бөлігінде ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаттарына өзгерістер әзірленді», – деп толықтырды министр.

Тағы оқыңыз:СҚО-да екі адамның өмірін қиған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x