Үйлері күйіп кеткен петропавлдықтар уақытша баспаналарға орналастырылды

«Береке» ықшам ауданында болған өрт салдарынан үйсіз қалған 7 отбасы жалдамалы пәтерге көшірілді. Баспананың ақысы демеушілік қаражат есебінен төленеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Еске салсақ, мамырдың 7-сі күні кешкілік уақытта «Береке» ықшам ауданында қамыс жанды. Қатты желден тілсіз жау жан-жаққа тарап, маңайдағы 9 тұрғын үйдің күл-талқаны шықты. Бүгінде зардап шеккен жандарды уақытша баспанаға орналастыру жұмыстары жүргізілуде, жеті отбасы көшірілді. 4 жанұя қалалық әкімдіктің ұсынған нұсқаларымен келіспей отыр. Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасованың айтуынша, олар нарықтағы бағадан әлдеқайда жоғары үйге көшкілері келеді.

«Қазір 4 отбасыға үй іздеп жатырмыз, әзірге олар туыстарында тұрып жатыр. Жанұя құрамы негізге алынады. Егер балалары болса, мектепке жақын орналасқан пәтерлерді қарастырамыз. Оқу процесі басталғандықтан, эвакуациялық пункт жабылды. Бүгін 4 отбасыны орналастыру мәселесі толықтай шешіледі деген үміттеміз», – деді Эльмира Сәдуақасова.

Қазір бізге төтенше жағдай режимі өте қажет. Бұл оқыс оқиғадан жапа шеккен отбасыларға заң аясында материалдық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады. Сол үшін 8 мамыр күні «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер порталына Петропавл қаласы аумағында төтенше жағдай режимін енгізу жөнінде жоба жарияланды. Бүгінде онлайн талқылау жүріп жатыр.

«Бұдан соң тіркеу үшін Әділет министрлігіне жүгінеміз. Кейін төтенше жағдай режимі енгізіледі. Келтірілген шығынды тәуелсіз сарапшылар есептейді. Үйлері күйіп кеткен тұрғындарға 100 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Бұл көмекке қол жеткізу үшін азаматтардың құжаттарын қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынды», – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.

Жағдай облыс әкімі мен қала әкімінің бақылауына алынды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да адам өмірін құтқарып қалған пробация қызметкері марапатталды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x