Петропавлда алдағы жылыту маусымына тұрғын үй қорын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл процестің маңызды кезеңдерінің бірі – көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу және ыстық су жүйелерін шаю және қысыммен тексеру болып табылады. Бұл жұмыстар күн сайын бірнеше тұрғын үйде жүргізілуде, деп жазады Qazaqstan Media.
Петропавл қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй инспекциясы бөлімі» КММ-нің мәліметінше, қалада орталықтандырылған жылу және ыстық сумен қамтылған 1184 көпқабатты үй бар. Олардың әрқайсысы инженерлік жүйелерді міндетті түрде тексеруден өтуі тиіс. Бұл әлсіз тұстарды, ақауларды уақтылы анықтап, үйлерді жылыту маусымында тұрақты жұмыс істеуге дайындауға мүмкіндік береді.
Құбырларды шаю және жүйелерді қысыммен тексеру жұмыстары күн сайын бірнеше тұрғын үйде жүргізілуде. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруға басқарушы компаниялар, МИБ пен ПИК төрағалары жауапты. Олар дайындық шараларын кейінге қалдырмай, қызмет көрсетуші ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет.
Кешенді тексеру келесі кезеңдерді қамтиды:
• құбыр жүйесін шаю;
• түйіндер мен қосылыстарды қысыммен тексеру;
• арматура мен жабдықты ревизиялау.
Қысқы маусымға дайындық – коммуналдық қызметтер мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан ғана емес, тұрғындардың да бірлескен күш-жігерін талап етеді. Алдын ала жүргізілген профилактикалық жұмыстар жылу жүйелерінің сенімділігін қамтамасыз етіп, үйлерде жайлы жағдай жасап, қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 75 жаңа мамандық енгізілді