Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура органдары кәсіпкерлердің құқықтарын заңсыз әкімшілік істерден қорғады. Мемлекеттік кірістер органы мамандары кәсіпкерлерге заңсыз айыппұл салған. Бұл туралы өңірлік прокуратура хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Әкімшілік іс қозғау тек прокурордың келісімімен жүзеге асырылуы тиіс. Алайда облыс прокуратурасы бірнеше ауданда бұл талаптың өрескел бұзылғанын анықтады.
«Аққайың, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармалары прокурордың келісімінсіз инвестициялық пулға кіретін кәсіпорындарға қатысты 17 әкімшілік іс қозғаған. Олардың қатарында «Северный бройлер» құс фабрикасы, «Бүркіт» кооперативі және «АТМ Petropavlovsk Hospital» серіктестігі бар»,-деп нақтылады облыстық прокуратурада.
Сонымен қатар Жамбыл, М.Жұмабаев, Мамлют және Тайынша аудандарында кірістер органдарының өкілеттігі жоқ мамандары заңға қайшы түрде 30 әкімшілік істі қараған. Ал Ғабит Мүсірепов ауданында басқарма басшысының орынбасары заңда көрсетілген мерзімі өткен іс бойынша кәсіпкерге айыппұл салу туралы заңсыз шешім қабылдаған.
Барлық заңсыз қаулылар жойылды, істер тоқтатылды. Жауапты тұлғалар, соның ішінде басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Нәтижесінде 25 кәсіпкердің, оның ішінде үш ірі инвестордың құқықтары қорғалды. Жалпы, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қадағалау органдарының араласуымен 700-ден астам кәсіпкердің құқығы қалпына келтіріліп, 30 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан республикалық маңызы бар автожолдарда 11 адам қаза тапқан