Жыл басынан Солтүстік Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарда 42 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан өкінішке қарай, 11 адам көз жұмып, 76 адам түрлі дене жарақатын алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Келеңсіз оқиғаларға басты себеп — жүргізушілердің жолда ұйықтап кетуі. Жоғарыда аталған жағымсыз статистиканы түп тамырымен жою қажет. Сол мақсатта облыстық ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері медицина мамандарымен бірлесіп, кезекті «Рөлде ұйықтау» акциясын өткізді. Маңызды шара Астана-Петропавл және Жезқазған-Петропавл автожолында ұйымдастырылды.
Тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері түнгі уақытта жүргізушілерді тоқтатып, қан қысымын тексерді. Әрқайсысына ыстық шай ұсынды. Сонымен қатар, рөл тізгіндеген жандарға жауапты болу керектігін жеткізді. Қатты шаршаса жақын маңдағы кемпингтерге барып ұйықтап алуларын сұрады.
«Көлік тізгіндеген жандар өзінің ғана емес, жолаушылардың да өміріне жауап береді. Одан қалды, жауапсыздары басқа көліктегілерге де қауіп төндіреді. Мұндай акцияларды жиі ұйымдастырып отырамыз. Шарада басты назар жүк көліктері мен жолаушы тасымалдайтын жүргізушілерге аударылды»,-деді СҚО ПД ЖПБ басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.
Тағы оқыңыз: Петропавлда түнде мас жүрген жасөспірім жауапқа тартылды