Хәкім Абай мұрасын қайта жаңғыртып, кеңінен насихаттау қажет. Петропавлда «Ұлы халықтың ұлы Абайы« атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шарада нар тұлғаның өмірі мен өнері туралы қызықты мәліметтер тыңдалып, өлеңдері орындалды. Сонымен қатар, жазушының портреттері бейнеленген көрме ұйымдастырылды.
«Ұлы Абайдың 180 жылдығы — биылғы жылдың ең басты оқиғасы. Көрмеде барлығы 15 туынды бар. Олардың барлығын әлемге әйгілі суретшілер салған», -деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Гүлжауһар Сәдуақасова.
Абай — тек ақын емес, ол — ұлттың ұстазы. Оның әрбір қарасөзі — тұнып тұрған философия. Сондықтан, бір ғасыр бір туатын тұлғаның есімі ешқашан өшпей кеңінен насихатталуы тиіс. Бұл бағытта Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының ұжымы ауқымды жұмыс атқаруда.
Мектепте мыңнан астам оқуши оқиды. Оның әрқайсысы Абайдың кемінде 5 өлеңін жатқа біледі. Білім ұясында «Абай орталығы» жұмыс істейді. Оның іші ұлы тұлғаның кітаптарына толы.
Айта кету керек, қазақтың нар тұлғасы Абай Құнанбайұлының бізге жеткен 200-ге жуық өлеңі бар.
Тағы оқыңыз: Петропавлда белгілі шебердің көрмесі қанат жайды