Солтүстік Қазақстан облысы елімізде қатерлі ісік ауруларының таралуы бойынша алдыңғы орындарда келеді. Қазіргі уақытта онкологиялық орталықта 11 мыңнан астам адам есепте тұр. Өңір дәрігерлері бір жылда қатерлі ісікпен ауратын 100-ден астам адамға ота жасайды. Бүгін мерекеге орай науқастар онколог дәрігерлерге өздерінің алғысын білдірді, деп хабарлайды Qazastan Media тілшісі.
Наталья Зуева ақпан айының 15-і жатырдың қатерлі ісігі диагнозымен облыстық онкологиялық орталықтың торакалды хирургия бөліміне жатқан. Өзінің бұл аурудан тез жазылып кететініне бәрі күмәндансада ол соңына дейін сеніп, күрескен. Нәтижесінде сауығып, бүгін үйіне аттанбақ. Наталья Зуева дәрігері Амангелді Әділшінге бұл дертті жеңуге көмектескені үшін өз алғысын білдірді.
«Амангелді Қожаұлына алғысым шексіз. Онкологиялық аурумен ауырған адам осындай мықты дәрігерге келсе міндетті түрде жазылып кетеді. Отадан кейін ешқандай ауырсынуды сезінбедім. Болашаққа деген үміт пайда болды. Амангелді Әділшін кең жүректі, қолы алтын, науқастың жай-күйін бірінші орынға қоятын адам. Отадан кейін аурухананың медбикелері де бар жағдайымды жасады. Сондықтан барлық ұжымға, әсіресе дәрігеріме алғысым шексіз», — деді Петропавл қаласының тұрғыны Наталья Зуева.
Амангелді Әділшін онкогинеколог болып 1988 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Тәжірбиелі маман осы уақыт аралығында талай науқастың сауығып кетуіне жағдай жасаған.
«Жұмыс оңай деп айта алмаймын. Бірақ өзім таңдаған сала болғандықтан 36 жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалдым. Мен ота жасаған адамдар ауруынан айығып, алғыс айтқанда еңбегімнің бағаланғанын түсінемін», — дейді Амангелді Әділшін.
Қазір көпбейінді облыстық аурухананың онкологиялық орталығындағы торакалды хирургия бөлімшесінде 6 дәрігер мен 11 медбике жұмыс істейді.
Тағы оқыңыз:Петропавлда этностар форумы өтті