Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мектептерінің оқушылары арасында өткен республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі аяқталды. Білім додасында үздік нәтиже көрсеткен 180 оқушы жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылған олимпиадаға 9 және 11-сынып оқушылары қатысты. Білім бәйгесінің алғашқы кезеңіне, яғни мектепішілік додада 2500-ден астам оқушы бақ сынады. Оның екі мыңға жуығы аудандық кезеңге жолдама алды. Ал мыңға жуық оқушы облыстық кезеңде бақ сынады. Қатысушылар 13 пән бойынша екі бағытта білімдерін сарапқа салды. Олар – жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар.
«Жалпы есепте бірінші орынды Уәлиханов ауданы, екінші орынды Айыртау ауданы, үшінші орынды Жамбыл ауданы иеленді. Алда республикалық кезең күтіп тұр. Осы жексенбіде қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 33 оқушы Астанаға аттанады. Ал желтоқсан айында математикалық бағыт бойынша оқушыларымыз қатысады», — деді Қызылжар дарыны орталығының директоры Бақыт Ғабдуллина.
Айта кетейік, олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша 59 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Енді олар Астана қаласында өтетін білім бәйгесінде Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайды. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бұл олимпиада дарынды жастардың қабілетін шыңдап, білімін көрсетуіне мүмкіндік беріп отыр.
Тағы оқыңыз: Депутаттыққа кандидат Әсел Кунанова Петропавлды дамытуға бағытталған сайлауалды бағдарламасын таныстырды

