Петропавлда еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелері талқыланды. Облыстық кәсіподақтар орталығында өткен жиынға өңір әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Басқосуда жұмысшылардың құқығын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру мәселелері көтерілді. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында өндірісте 26 жазатайым оқиға тіркелген. Салдарынан 30 адам жарақат алып, үш адам көз жұмды.

«Жазатайым оқиғалар тіркелген кәсіпорындар мен мекемелерге жоспардан тыс 55 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде еңбекті қорғау талаптарын бұзудың 217 дерегін анықтадық. Жұмыс берушілерге 11 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, полиция департаменті тағы төрт істі сотқа жолдады. Яғни, айыпты тұлғалар бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — деді СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мирас Сабағанов.

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кәсіподақ ұйымдарының да үлесі зор. Олар жұмыс орындарында техникалық инспекторлар тағайындап, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға алады. Мамандардың айтуынша, кәсіподақтары бар мекемелерде өндірістік жарақаттану деңгейі төмен.

СҚО-дағы өндіріс орындарында 30-ға жуық жазатайым оқиға тіркелген
СҚО-дағы өндіріс орындарында 30-ға жуық жазатайым оқиға тіркелген

«Жазатайым оқиғаларға талдау жүргізетін болсақ, кәсіподақ ұйымдары бар мекемелерде өндірістік жарақаттану көрсеткіші әлдеқайда төмен. Ондағы оқиғалар жалпы статистиканың шамамен 15 пайызын ғана құрайды. Мұны мемлекеттік, ішкі және қоғамдық бақылаудың өзара үйлесімді жұмысының нәтижесі деп білеміз», — деді СҚО кәсіподақтар орталығы жанындағы Заң клиникасы филиалының жетекшісі Людмила Голенкова.

Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандықтар «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаттары атанды

Поделиться:

Shares