Биыл Солтүстік Қазақстан облысында сүт безі обырына шалдыққан 191 әйел алғаш рет есепке алынған. Қазір өңірде осы диагнозбен екі мың 470 адам диспансерлік есепте тұр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Дәрігерлер ауруды ерте анықтаудың маңызы зор екенін айтады. Статистикаға сүйенсек, 2025 жылы сүт безі обырына шалдыққан 205 әйел алғаш рет есепке алынған. Ал биылғы тоғыз айда бұл көрсеткіш 191 адамды құрады. Аурудан қайтыс болғандар саны да аз емес. Былтыр өңірде сүт безі обырынан 41 адам көз жұмса, биылғы тоғыз айда 28 өлім жағдайы тіркелген.

Петропавлда онкологиялық орталықта «Қызғылт қазан» акциясы аясында ашық есік күні өтеді. Іс-шара 31 қазанда сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін Әуезов көшесі, 133 мекенжайындағы емханада ұйымдастырылады. Мұнда сүт безі обырының алдын алу және оны ерте анықтау мәселелеріне назар аударылады.

«Сүт безі обырының алдын алудың нақты кепілді әдісі жоқ. Дегенмен аурудың даму қаупін төмендетуге болады. Ол үшін дұрыс тамақтанып, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтыну, майлы тағамдарды шектеу және дене белсенділігін арттыру маңызды. Сондай-ақ темекі мен алкогольден бас тарту ұсынылады», — деді онкологиялық орталықтың мамандары.

Тағы оқыңыз: СҚО-да ЖРВИ жұқтырғандар көбейді

Поделиться:

Shares