Оқиға 11 қазанда болған. Сол күні «Яндекс Go» сервисі уақытша қолжетімсіз болып, жолаушылар жаппай балама такси қосымшаларына ауысқан. Соның салдарынан inDrive қызметіне сұраныс күрт артып, бос көліктер жетіспей қалған. Нәтижесінде жүргізушілер жол жүру ақысын айтарлықтай көтерген. БАҚ мәліметінше, кейбір сапарлардың құны әдеттегіден үш есеге жуық қымбаттаған.
Айта кетейік, inDrive сервисінде жол жүру бағасы жолаушы мен жүргізушінің өзара келісімі арқылы белгіленеді. Алайда сұраныс артқан кезде бұл жүйе жолаушылар үшін тиімсіз жағдай туғызған. Компания жағдайды тұрақтандыру үшін комиссия мөлшерін міндетті салықтарды жабуға жеткілікті ең төменгі деңгейге дейін қысқартқанын және баға бойынша саудаласуға шектеулер енгізгенін хабарлады. Дегенмен бұл жағдай монополияға қарсы органның назарынан тыс қалмады.
Агенттік Қазақстандағы такси агрегаторлары нарығында бәсекелестік шектеулі екенін атап өтті. Мұндай жағдайда қызмет бағасының негізсіз өсуі болуы ықтимал. Сондықтан ведомство inDrive компаниясына монополияға қарсы заңнаманы бұзуға әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы жазбаша ескерту жіберді. Әзірге компанияға айыппұл салынған жоқ. Агенттік бұл шараның алдын алу сипатында екенін мәлімдеді. Оның мақсаты — такси бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу және жолаушылардың мүддесін қорғау.
Тағы оқыңыз: СҚО-да сүт безі обырынан 28 әйел көз жұмды

