«Ата-анамыздың қалауы – ұстаз болу». Бұл сөз Шал ақын ауданы Жаңаталап ауылындағы Мұхамеджановтар әулеті үшін жай ғана тілек емес, тұтас бір отбасының өмірлік жолына айналған. Бүгінде әулеттің білім саласындағы жалпы еңбек өтілі 275 жылдан асады. Отбасындағы он баланың жетеуі ұстаздықты таңдап, саналы ғұмырын бала тәрбиесі мен білім беруге арнаған, деп жазады Qazaqstan Media.
Мұхамеджановтар әулетін шағын бір педагогикалық ұжым деуге болады. Олардың арасында химия мен физика сияқты күрделі пәндердің мұғалімдері де, дене шынықтыру, бастауыш сынып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары да бар. Сонымен бірге мектепке дейінгі білім беру педагогтері, логопедтер мен ІТ бағытының мамандары да осы әулеттен шыққан.
«Біздің отбасыға жеке мектеп ашуға болады. Өйткені барлық пәннің мұғалімі бар. Жұбайым- Шәмшия Әпсанқызы 41 жылын ұстаздыққа арнады. Мектеп директоры болып зейнетке шықты. Өзім 30 жыл мектеп қабырғасында еңбек еттім. Қызым Жанар да мектепке дейінгі білім беру ұйымында жұмыс істейді. Қарындастарым, жиендеріміздің басым бөлігі педагогтер. Бәріміздің еңбек өтілімізді қосқанда 275 жылдан асып отыр. Осындай ұлағатты жолды таңдап, елдің болашағы – жастарға білім беріп жүргеніміз біз үшін үлкен мақтаныш», – дейді Еркін Мұхамеджанов.
Мұхамеджановтар шаңырағындағы ұстаздық дәстүр бір буынмен ғана шектелмеген. Немере-жиендердің арасында да педагог мамандығын таңдағандар аз емес. Әулеттің келіндері мен күйеу балаларының арасында да білім саласында еңбек етіп жүрген мамандар бар. Бикеш Сайлауқызы да ата-анасының ақылын тыңдап, ұстаздық жолды таңдаған. Бүгінде оның бала оқытып келе жатқанына 34 жылға жуықтаған.

«Мектепті аяқтап, мамандық таңдайтын кезде ата-анам «мұғалім бол, абыройлы қызмет. Заман өзгерсе де ұстаздық ескірмейді» деген еді. Сол кісілердің сөзін тыңдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болдым. Отыз жылға жуық бала оқытып келемін. Мамандық таңдаудан жаңылған емеспін. Сол үшін ата-анама алғысым шексіз. Оқушыларым облыстық, республикалық байқау, олимпиадаларда жүлдегер атанды. Өзім сабақ берген кей балаларым, қазір әріптес болды. Олар да қазақ тілі мұғалімі. Ізіңді, ісіңді жалғастыратын шәкірттерің бар екенін білгенде, ұстаздық жолдың қиындығын ұмытады екенсің», – дейді Бикеш Сайлауқызы.
Әулеттің үлкендері үшін ұстаздық – тек мамандық емес, ата-анадан қалған аманат. Ал кейінгі буын сол аманатты жалғап келеді.

Олар үлкендердің еңбек жолын үлгі тұтып, бала оқытумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Мәселен, өңірдегі қоғам белсендісі, тіл жанашыры Жанат Мұхамеджанов та осы әулеттің ұрпағы. Ол да ағылшын тілі пәні мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолын мектептен бастаған. Отбасының жастары болса, білім беру саласындағы жаңашылдықтарды жатсынбай, жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылады. Осылайша бір отбасының 275 жылдық еңбек жолы жүздеген шәкірттің тағдырымен сабақтасып, тұтас бір ауылдың білім тарихының бір бөлігіне айналған.

Тағы оқыңыз: Наталья Богданова Азия ойындарының жартылай финалында сүрінді

