Соңғы 50 жылда Қазақстандағы ауа райы жылынып келеді. Тіпті орташа жылдық ауа температурасы әр он жыл сайын шамамен 0,40 градусқа көтерілген. Бұл жаһандық жылыну қарқынынан екі есеге жуық жоғары. Ал 2025 жыл елімізде 1941 жылдан бергі ең жылы жыл ретінде тіркелді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Еліміздегі жылыну жайлы Қазгидромет жазды. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметінше, 1980-жылдардан бері әрбір кейінгі онжылдық алдыңғы кезеңдерге қарағанда жылырақ болған. 2006–2025 жылдар аралығы бақылау тарихындағы ең жылы жиырма жылдық ретінде бағаланып отыр.

Қазақстанда 1976–2025 жылдар аралығында орташа жылдық температура әр он жыл сайын шамамен +0,40 °C-қа өскен. Ал әлем бойынша бұл көрсеткіш шамамен +0,18–0,20 °C деңгейінде.

2025 жылы Қазақстандағы орташа жылдық ауа температурасының аномалиясы 1961–1990 жылдардағы климаттық нормамен салыстырғанда +2,96 °C болған. Осылайша өткен жыл елдегі метеорологиялық бақылау жүргізілген 1941 жылдан бергі ең жылы жыл атанды.

Мамандар Қазақстандағы жылынудың қарқынды жүруін елдің географиялық орналасуымен байланыстырады. Қазақстан Еуразия құрлығының ортасында және әлемдік мұхиттардан алыс орналасқан. Сондықтан мұнда мұхиттардың климатты жұмсартатын әсері әлсіз.

Жылыну қарқыны барлық өңірде бірдей емес. Мәселен, Қарағанды облысында орташа жылдық температура әр он жыл сайын шамамен +0,29 °C-қа көтерілсе, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш +0,59 °C-қа дейін жетеді.

Маусымдар арасында ең жылдам жылыну көктемде байқалып отыр. Бұл кезеңде температураның өсу қарқыны әр он жыл сайын шамамен +0,70 °C құрайды.

Метеорологтардың деректері Қазақстандағы климаттық өзгерістердің жаһандық үрдістен жылдамырақ жүріп жатқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде су ресурстарына, ауыл шаруашылығына, құрғақшылық қаупіне және ауа райының экстремалды құбылыстарына әсер етуі мүмкін.

Тағы оықыңыз: СҚО-да «Күміс волонтер-2026» байқауының жеңімпазы анықталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *