Солтүстік Қазақстан облысында медицина мен дәрі-дәрмекке қатысты тұрғындардан 327 өтініш түскен. Оның ішінде тексерілген 42 шағымның 28-і толық немесе жартылай расталды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында СҚО медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Батырхан Сарымсақов айтты, деп жазады Qazaqstan Media.
Былтырмен салыстырғанда тұрғындардың өтініші 6,2 пайызға көбейген. Медициналық көмекке қатысты 260 өтініш түскен. Ал дәрі-дәрмек мәселесіне байланысты шағымдар 45-тен 67-ге дейін өскен. Қаралған медициналық шағымдардың жартысынан көбі ем сапасына қатысты болған.
«42 өтініш бойынша тексеру жүргіздік. Оның 28-інде тұрғындардың айтқаны толық немесе жартылай расталды. Сондықтан әрбір шағымды мұқият қарап, мәселені медициналық ұйымның өзінде шешу керек», — деді Батырхан Сарымсаков.
Биыл департамент 127 тексеру жүргізген. Былтыр осы уақытта олардың саны 59 болған. Медициналық ұйымдарды тексеру кезінде 60 заңбұзушылық анықталды. Оның 15-і өрескел, 45-і елеулі деп бағаланған.
Көбіне дәрігерлердің медициналық көмек көрсету тәртібін, клиникалық хаттамалар мен стандарттарды сақтамауы, сондай-ақ дәрі-дәрмектерді қолдану тәртібін бұзуы анықталған. Тексеру қорытындысында 37 нұсқама беріліп, 33 әкімшілік хаттама толтырылған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 3,5 млн теңге болды.
Медициналық ұйымдардың өз ішінде де мәселе бар. Тексерілген 31 мекеменің сегізінде медициналық көмектің сапасын бақылайтын дәрігер-сарапшы жоқ. Үш медициналық ұйымда Call-орталық жұмыс істемейді. 11 мекемеде оның жұмысын тіркеу бөлімі атқарады. Төрт ұйымда тұрғындарға телефон арқылы хабарласу қиын болған.
Тағы бір мәселе — медицина қызметкерлерінің сертификаттары. Цифрлық тексеру кезінде 34 ұйымда сертификатының мерзімі өтіп кеткен 70 маман анықталды. Оның 15-і дәрігер, 55-і орта буын медицина қызметкері. Сонымен қатар облыстағы 33 медициналық ұйымның тек 11-і аккредиттеуден өткен. Бұл — 33,3 пайыз. Ал республика бойынша орташа көрсеткіш 60 пайызды құрайды.
Тағы оқыңыз: Наталья Богданова Азия ойындарының жартылай финалына шықты

