Қазақстанда бағасы 1 АЕК-тен, яғни 4 325 теңгеден төмен дәрілер мемлекеттік баға реттеу жүйесінен шығарылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Өзгеріс 1 200-ден астам дәріге қатысты. Енді олардың бағасы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады. Министрліктің түсіндіруінше, мұндай қадам дәрі-дәрмек нарығындағы бәсекелестікті арттырып, препарат түрлерін көбейтуге және олардың халыққа қолжетімді болуына мүмкіндік беруі тиіс. Жаңа тәртіпке байланысты мемлекет бағаны реттейтін дәрілер тізімі де қысқарды. Бұған дейін онда 3 039 дәрі болса, қазір 1 827 атау қалды. Яғни мемлекеттік бақылау негізінен бағасы мен қолжетімділігіне ерекше назар қажет дәрілерге бағытталады.
Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігі дәрі бағасын бақылауды жалғастырады. Бұл үшін таңбалау және қадағалау жүйесінің деректері пайдаланылады. Ол дәрінің қайда және қандай бағамен сатылғанын бақылауға мүмкіндік береді. 2024 жылғы шілдеден бері осы жүйе арқылы шамамен 1,1 млрд қаптама дәрі өткізілген. Егер дәрінің бағасы белгіленген шекті мөлшерден асып кетсе, тұрғындар DariKZ мобильді қосымшасы арқылы шағымдана алады. Ол үшін тауар чегі мен дәрінің қаптамасын тіркеу қажет.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан дропперлікке қатысты 200-ге жуық қылмыстық іс тіркелді

