Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асырған кәсіпкерлер анықталды. Жыл басынан бері осындай фактілер бойынша 71 әкімшілік іс қаралып, 5,4 млн теңге айыппұл салынған, деп жазады Qazaqstan Media.
14 қыркүйекте азық-түлік бағасының қалыптасуын бақылау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті. Онда «Potatoes» ЖШС, «Торгсервис КЗ-2» ЖШС және «Құспанов» ЖК-ның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезіндегі үстемесі қаралды.
Сондай-ақ «Слобода» және «Корона изобилия» күнбағыс майын сату кезінде де белгіленген шектен асу фактілері анықталған. Заң бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс. Ал бұл жағдайда үстеме 20,03 пайыздан 25 пайызға дейін жеткен.
Қайталама заңбұзушылықтар бойынша тағы 12 хаттама толтырылып, 2,66 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Комиссия азық-түлік бағасын өндірушіден бастап дүкен сөресіне дейінгі барлық кезеңде бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесін сақтауға шақырды.
Тағы оқыңыз: 15 қыркүйекке дейін үлгеру керек: кімдер декларация тапсыруға міндетті

