Булаево қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін таза су резервуарлары мен су құбыры желілері мемлекеттік меншікке қайтарылды. Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы Мағжан Жұмабаев ауданының әкімдігімен бірлесіп, 2017 жылы «Булаев су» ЖШС жарғылық капиталындағы үлесті өткізу кезінде заң бұзушылықтар анықтады, деп жазады Qazaqstan Media.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты аудан прокуратурасы сотқа сауда-саттық нәтижелері мен сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берді. Ол Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қарау барысында өз растауын тапты.
СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2026 жылғы 21 шілдедегі шешімімен 2017 жылы өткізілген электрондық аукционның нәтижелері, сондай-ақ «Булаев су» ЖШС жарғылық капиталындағы үлестің басым бөлігін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Нәтижесінде стратегиялық сумен жабдықтау жүйесінің нысандары есебінен қалыптасқан «Булаев су» ЖШС-дегі тиісті үлес мемлекетке қайтарылды. Осылайша, Булаево қаласының су құбыры желілері мен таза су резервуарларына мемлекеттік бақылау қалпына келтірілді. Аталған нысандардың баланстық құны 761 млн теңгеден асады.
Сумен жабдықтау нысандарының мемлекеттік секторға қайтарылуы қала тұрғындарын сенімді әрі үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін маңызды. Мемлекеттік активтерді қорғау және оларды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бағытындағы аудан әкімдігі мен прокуратура органдарының бірлескен жұмысы жалғасуда.
Тағы оқыңыз: СҚО полицейлері алаяққа алданған нәзікжандының ақшасын қайтарды

