Солтүстік Қазақстан облысында егін орағы басталды. Жаңа өнім нарыққа шыға бастаған тұста елде астық бағасы төмендеп келеді. Бір аптаның ішінде бидайдың кейбір сұрыптары тоннасына 13 мың теңгеге дейін арзандады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Сарапшылар бағаның төмендеуіне бірнеше фактор әсер етіп отырғанын айтады. Нарыққа жаңа өнімнің түсуі, экспорт қарқынының баяулығы бар. Сонымен қатар, арзанырақ ресейлік бидай ұсынысының көбеюі. Оған қоса теңгенің рубльге қатысты бағамының өзгеруі астық құнына әсер етуде. Қазір нарықта жаңа маусым өнімінің ішкі және экспорттық бағасы қалыптасуда.

«Өткен аптада ішкі нарықта бидайдың барлық дерлік класы арзандады. Кілегейі  28–29 болатын 3-сұрыпты бидай тоннасына алты мың теңгеге төмендеп, қазір 105–110 мың теңге тұрады. Кілегейі 30 және одан жоғары бидай тоғыз мың теңгеге арзандадады. Бағасы  110–115 мың теңгеге дейін түсті», – деді Қазақстанның Астық одағы талдау комитетінің жетекшісі Евгений Карабанов.

Кілегейі 23–24, 25–26 және 27 болатын 3-сұрыпты бидайдың бағасы бұдан да айтарлықтай төмендеген. Үш санат та бір апта ішінде тоннасына 10 мың теңгеге арзандады. Қазір олардың бағасы тиісінше 92–96 мың, 93–97 мың және 101–105 мың теңге аралығында.

Ең үлкен төмендеу 4 және 5-сұрыпты бидайда байқалды. Олардың тоннасы бірден 13 мың теңгеге арзандаған. Қазір 4-класты бидай 86–90 мың теңге, ал 5-сұрыпты бидай 82–86 мың теңге тұрады.

Арпа бағасы да төмендеп келеді. Бір апта ішінде оның тоннасы бес мың теңгеге арзандап, 60–65 мың теңге болды. Бұған да жаңа өнімнің нарыққа шығуы және экспорттаушылар тарапынан сұраныстың әзірге жоғары болмауы әсер етіп отыр.

Қазақстандық астық бағасына Ресей нарығындағы жағдай да әсер етіп отыр. Ресейдің оңтүстігі мен Еділ бойында биыл жақсы өнім күтіледі. Соның нәтижесінде нарықтағы ұсыныс көбейген. Бұған қоса рубльдің әлсіреуі ресейлік астықты сатып алушылар үшін тиімдірек етіп отыр.

Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарында ресейлік бидай ұсынысының көбеюі отандық астық бағасына қосымша қысым түсіруде.

Осылайша, жаңа астық нарыққа енді ғана шыға бастаған кезеңнің өзінде баға төмендеу үрдісін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта оның қай деңгейде тұрақтайтыны егіннің нақты көлеміне, сапасына және экспорттық сұранысқа байланысты болады.

Тағы оқыңыз: Шетелдегі дауыс беру учаскілері жабылды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *