Қазақстанда eGov порталының жаңа нұсқасы — eGov 3.0 іске қосылды. Жаңартылған портал арқылы мемлекеттік қызметтерді алу оңай әрі ыңғайлы болмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
Жаңа портал QazTech платформасында әзірленген. Онда мемлекеттік қызметтерді алу үшін қажет қадамдар мен талаптар азайтылған. Сондай-ақ халық жиі пайдаланатын бірқатар қызмет жаңа форматқа көшірілді.
«Қызметтер барынша оңай, пайдаланушы үшін ыңғайлы форматта жинақталды. Талаптар мен қадамдар саны азайды. Сұранысқа ие қызметтердің бір бөлігі жаңа форматта қолжетімді», — деді Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, бұрынғы eGov порталы өзінің технологиялық мүмкіндігінің шегіне жеткен. Ал eGov 3.0 жүйесі мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі қарапайым алуға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: Дениэл Эдилов: «Жаңадан сайланған депутаттар тың жобаларды жүзеге асырады»

