Тайынша ауданында мониторингтік топ Келлеровка және Красная Поляна ауылдарына барып, абаттандыру жұмыстарының барысын бағалады, деп жазады Qazaqstan Media.
Тайынша ауданында елді мекендердің тазалығы мен көркін жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаттары аясында ұйымдастырылған кезекті мониторинг барысында Келлеровка және Красная Поляна ауылдарының санитарлық жағдайы мен абаттандырылуы тексерілді.
Мониторинг кезінде көшелердің тазалығы, қоғамдық орындардың күтімі, тұрғын үйлердің айналасы мен ортақ пайдаланылатын аумақтардың жай-күйіне назар аударылды. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға оларды қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.
Сонымен қатар, комиссия мүшелері өз үйлері мен аулаларын таза ұстап, ауылдың көркеюіне белсенді үлес қосып жүрген тұрғындардың еңбегін жоғары бағалады. Мұндай үлгілі аула иелері басқа тұрғындарға жақсы өнеге бола алатыны атап өтілді. Мамандардың айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаты – елді мекендердің тазалығын сақтау мәдениетін қалыптастыру болса, «Заң мен тәртіп» қағидаты белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Тайынша ауданында абаттандыру мен санитарлық тазалықты бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Мониторингтік топ ауданның басқа да ауылдарына барып, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылу деңгейін тұрақты бақылауда ұстайтын болады.

