Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ресми ашылу рәсімі өтті. Жарысқа әлемнің 34 елінен 800-ден астам спортшы қатысып, фиджитал спорт түрлері бойынша бақ сынайды, деп жазады Qazaqstan Media.
Қазақстанның елордасында дәстүрлі спорт пен киберспортты ұштастыратын «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Биылғы додаға әлемнің 34 елінен 800-ден астам спортшы қатысуда. Олар алдымен виртуалды ортада, кейін нақты спорт алаңында өзара мықтыны анықтайды. Осындай ерекше формат фиджитал спорттың басты ерекшелігі саналады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев турнирдің тек спорттық жарыс қана емес, технология мен интеллекттің, физикалық және цифрлық әлемнің тоғысқан алаңы екенін атап өтті.
«Болашақ ойындары» спорт пен интеллект үйлесімін бейнелейді. Бұл жоба физикалық және цифрлық әлемді біріктіріп, халықтар арасындағы достықтың жаңа көпіріне айналады», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан жарыстың әлемдік фиджитал қозғалысының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Астанадағы «Болашақ ойындары» классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
«Болашақ ойындары – 2026» турнирі 9 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында спортшылар дәстүрлі спорт пен цифрлық бәсекені біріктіретін фиджитал жарыстарда жүлделерді сарапқа салады.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданында «Таза Қазақстан» аясындағы рейд: 6 ескерту, 2 айыппұл

