Тайынша ауданындағы Чкалово ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары аясында мониторингтік рейд өтті. Тексеру барысында санитарлық жағдай мен абаттандыру жұмыстары бағаланып, анықталған кемшіліктер бойынша ескерту мен әкімшілік шаралар қолданылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Бүгін мониторингтік топ Тайынша ауданының Чкалово ауылына барып, елді мекеннің санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарының жай-күйін тексерді. Рейдтің мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және елді мекендердің көркін жақсарту.
Тексеру барысында аумақтарды күтіп ұстау талаптарының сақталмауына қатысты бірқатар кемшіліктер анықталды. Нәтижесінде жауапты тұлғаларға 6 ескерту беріліп, 2 әкімшілік айыппұл салынды. Барлық анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 10 күнге дейінгі мерзім белгіленді.
Мониторингтік топ өкілдері белгіленген уақыт аяқталғаннан кейін қайта тексеру жүргізілетінін атап өтті.
Мамандардың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары аясындағы жұмыстар елді мекендерде тазалық мәдениетін қалыптастыруға, тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға және қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған. Осындай бақылау іс-шаралары Тайынша ауданының басқа да ауылдарында жалғасатын болады.
Тағы оқыңыз: Kozybayev University ғылыми әзірлемесі Солтүстік Қазақстан жолдарында сыналады

