Облысқа жұмыс сапарымен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев келді. Ол өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге Петропавлдағы өндіріс орындары мен құрылыс алаңдарын аралады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Негізгі назар инвестициялық жобаларды іске асыруға, өндірісті дамытуға, энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне және облыс экономикасының одан әрі өсу перспективаларына аударылды.
Сапардың алғашқы нысаны Петропавл электротехникалық зауыты болды. Кәсіпорын трансформаторлар мен олардың қосалқы бөлшектерін шығарумен айналысады. Өнімнің басым бөлігі экспортқа жөнелтіледі. Зауыт басшылығы өндірістік қуаттарды және алдағы даму жоспарларын таныстырды.
«Кәсіпорын жыл сайын 13 мыңға дейін өнім шығарады. Өнімнің негізгі бөлігі экспортталады. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деді зауыт директоры Ерсұлтан Шәмшиев.
Ал, «ЗИКСТО» зауытында жолаушылар вагондары, платформалар және теміржол жылжымалы құрамының басқа да түрлері өндіріледі. Қонақтардың ерекше қызығушылығын роботтандырылған дәнекерлеу желісі орнатылған жаңа өндірістік корпус тудырды. Келесі нысан – CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру зауыты. Мұнда комбайндар, тракторлар және егіс кешендері шығарылады. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – жергілікті колледждермен бірлесіп, дуальды оқыту жүйесі арқылы мамандар даярлау.
«Масло-Дел» май экстракциялау зауытында Нұрлыбек Нәлібаевқа майлы дақылдарды өңдеудің толық циклі көрсетілді. Кәсіпорын Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі өндіріс орындарының бірі саналады. Сапар барысында энергетика саласына да ерекше көңіл бөлінді. Петропавл ЖЭО-2-де келген меймандарға жабдықтарды жаңғырту нәтижелері, жөндеу науқанының барысы және алдағы жылыту маусымына дайындық туралы ақпарат ұсынылды.
«Зеленый Север» серіктестігі жылына үш мың тонна қияр мен қызанақ өндіруге қауқарлы. Бұл – инвестициялық жоба. Құны 7 млрд теңгеден асып жығылады. Өнім өңірдегі дүкендерге жөнелтіледі. Жыл бойы жұмыс істейді. Жылыжай кешені соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Адам күші аса қажет емес. Басты мақсат – жергілікті сауда нүктелерін қолжетімді қияр және қызанақпен қамту. Алдағы уақытта басшылыңы кәсіпорынды кеңейтіп, жылдық қуаттылықты 4 мың 500 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда облыста 1 трлн 1 млрд теңгенің 64 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Жергілікті әкімдік өкілдері шетелдік кәсіпкерлерге тиісті жағдайды жасауда. Бар ақпаратпен облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев бөлісті.
«Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағына 21 қатысушы тіркелген. Оның ішінде ағашты терең өңдейтін, көтергіш-көлік жабдықтарын өндіретін және саңырауқұлақ пен нан-тоқаш өнімдерін шығаратын кәсіпорындар бар. Өндіріс орындары қолданысқа берілгеннен кейін 10 мың адам жұмыспен қамтылады. Зауыттардағы жұмыс процесін әрдайым бақылап отырамыз», — деді Қанат Малғаждарұлы.
Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында Пестрое көлінің маңында салынып жатқан экопаркке барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Бірегей жобаның құны үш млрд теңгеге жуықтайды. Алдағы уақытта аумаққа 520 көлікке арналған автотұрақ салынып, 200-ге жуық жарықшам орнатылмақ.
«Халық демалатын әдемі демалыс орындары көп болуы қажет. Атқарылған жұмыс көңілден шықты. Тазалыққа баса беруіңізді сұраймын. Осы сияқты бірегей жобаларыңыз көп болсын!», — деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.
Нұрлыбек Нәлібаев Петропавлдағы өндіріс орындары мен құрылыс алаңдарын аралағаннан кейін Новоникольское ауылына барып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Startup Orda» өңірлік инкубациялық бағдарламасы іске қосылды

