Петропавлға Ресейден жеткізілген тақтайлар қауіпті болып шықты. Олардан құрт табылды. Бұл заңбұзушылықты АШМ облыстық аумақтық инспекциясы анықтаған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі «MTRK» телеарнасына сілтеме жасап.
Петропавлға Ресейден жеткізілген ағаш материалдарын шекара асып, облысқа жеткеннен кейін АШМ облыстық аумақтық инспекциясы тексерген. Нәтижесінде араларынан қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдерін тапқан.
«Ресейден әкелінген тақтайлардың жалпы көлемі 30 текше метрді құрайды. Оқиға 28-ші сәуір күні орын алды. Соттың шешімімен кәсіпкерге айыппұл салынды. Ал ағаш материалдары жойылатын болады. Себебі, анықталған зиянкес орман қорына залал тигізуі мүмкін», — ҚР АШМ облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы Гүлнұр Әубәкірова.
Мамандар тақтайларды толығымен өртеп жіберді. Талапқа сай емес өнімді елге кіргізген кәсіпкерге 130 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Айта кету керек, қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдері орман қорына біршама залал тигізеді. Ол ағашты кеміріп, оның құрылымын бұзады.
Тіпті жан-жаққа таралып, орман алқаптарының солуына да себепкер болады. Қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдері ағаш діңін ішінен кеміріп, сапасын жояды. Сонымен қатар, құрт түскен ағаш материалдарынан үй салынса бірден шіріп кетеді.
Тағы оқыңыз: Мамыр айы спорттық жарыстарға толы болмақ

