Петропавл қаласында автомобиль жолдарының сапасын арттыру және саланы цифрландыру мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараны «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырды, деп жазады Qazaqstan Media.
Семинардың басты мақсаты – жергілікті атқарушы органдардың жұмысын тиімді ету, сала мамандарына әдістемелік қолдау көрсету және жол сапасын бақылауда заманауи цифрлық шешімдерді қолдану аясын кеңейту. Кездесу барысында қатысушыларға «KazRoadLab» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ жол сапасын бақылау, ведомстволық сараптама жүргізу және автомобиль жолдарын диагностикалау мәселелері талқыланды.
«“KazRoadLab” жүйесі осы бағыттағы маңызды құралға айналды. Барлық сынамалар мен тексерулер нақты уақыт режимінде тіркеліп, картада көрсетіледі. Бұл адам факторын азайтып, деректердің бұрмалануына жол бермейді. Нәтижесінде бақылау күшейіп, қабылданатын шешімдердің тиімділігі артады», – деді Қанат Өсербаев.
Семинар барысында сала мамандары тәжірибе алмасып, өзекті мәселелер бойынша пікір білдірді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер кәсіби байланысты нығайтып, жол сапасын жақсартуға бағытталған жұмысты жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді дейді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да сабан қалдығын өртеу кезінде от орманға тиді

