Мамлют ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шара түрлі этнос өкілдері арасындағы достықтың, татулық пен өзара түсіністіктің жарқын көрінісіне айналды. Салтанатты жиынға аудан әкімі Елена Степаненко қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Айтулы күн аудан халқы мен қонақтарын бір алаңға жинап, ел ішіндегі ынтымақтың маңызын тағы бір мәрте айқындады, деп жазады Qazaqstan Media.
Мерекелік алаң бұл күні шынайы мәдени көптүрліліктің орталығына айналды. Қонақтар үшін әсерлі концерттік бағдарлама, ұлттық мәдени көрмелер мен шығармашылық қойылымдар ұйымдастырылды. Сахна төрінде бірінен соң бірі өнер көрсеткен шығармашылық ұжымдар ән мен би арқылы Қазақстанда және Мамлют ауданында өмір сүріп жатқан халықтардың бай дәстүрін паш етті.
Көрермендер түрлі-түсті ұлттық киім киген өнерпаздардың әрбір нөмірін зор ықыласпен қарсы алды. Әсем әуен мен әуезді билер мереке алаңын ерекше шаттыққа бөлеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жылы әрі шынайы достыққа толы атмосфера қоғам үшін ұлтаралық келісімнің қаншалықты маңызды екенін тағы да дәлелдеді.

«Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл — бейбітшілік пен келісімнің, ынтымақ пен бірліктің мерекесі. Аталған күн мемлекеттік мерекелер күнтізбесінде айрықша орын алады, өйткені ол халқымыздың ауызбіршілігін, өзара құрметі мен сенімін білдіреді. Ел бірлігі — біздің ең басты байлығымыз. Осы мереке баршамызды жаңа жетістіктерге жігерлендіріп, бірлігімізді бекемдей түссін. Әр шаңыраққа амандық, молшылық, бақыт пен бейбіт өмір тілеймін», — деді Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненко.
Аудан басшысының айтуынша, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік тірегіне айналған 15 этномәдени бірлестік бар. Бұл ұйымдар ұлттық дәстүрлерді сақтап қана қоймай, мәдени мұраны дамытуға да зор үлес қосып келеді. Олар қоғамда өзара түсіністік пен сұхбат алаңын қалыптастырып, көптеген әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері қайырымдылық шараларына, білім беру жобаларына және қоғамдық бастамаларға белсене қатысады. Әсіресе жастарды қолдауға, оларды татулық пен сыйластық рухында тәрбиелеуге айрықша көңіл бөледі. Бұл жұмыстар ауданның әлеуметтік тұтастығын нығайтып, қоғамдық келісімді бекемдей түсуде.
Мереке барысында сахнадан түрлі тілде әндер шырқалып, би ұжымдары халық билерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал этномәдени бірлестіктердің мүшелері қонақтарды өз ұлттарының бай салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен және ұлттық құндылықтарымен таныстырды. Осылайша Мамлют ауданындағы Бірлік күні ел ішіндегі достықтың тамыры терең, татулықтың тұғыры берік екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті

