Уәлиханов ауданы тұрғындары республикалық «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, туған өлкені көркейту жұмыстарына жұмыла кірісті. Кішкенекөл ауылында өткен жаппай сенбілікке жүздеген адам мен ондаған еңбек ұжымы атсалысты. Бірлескен күштің арқасында ауылдың саябақтары, гүлзарлары мен көшелері айтарлықтай тазарып, жаңаша кейіпке енді, деп жазады Qazaqstan Media.
Тазалық жұмыстарына 800-ден астам тұрғын шықты. Олардың қатарында Уәлиханов ауданы бойынша 160 кәсіпорын мен мекеменің қызметкерлері, сондай-ақ бюджеттік сала өкілдері болды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, ортақ күшпен әлеуметтік саланың 80 нысанының аумағы ретке келтірілді. Сонымен қатар сегіз саябақ пен 18 кіреберіс топ тазартылды. Қатысушыларға қажетті құрал-жабдық, қолғап пен қаптар толық таратылып, жиналған қоқысты шығару үшін екі КамАЗ бен МТЗ тракторы жұмылдырылды.

Қоқыс жинаумен қатар ауданда көгалдандыру жұмыстары да қарқын алды. Белсенділер жол бойындағы жарық бағаналары мен ағаштарды әктеді. Көшелерге 100 түп бұта және 1200 жас көшет отырғызды.
«Мұндай сенбіліктер ауданымыз үшін аса маңызды. Ауылдарымызды көрікті әрі жайлы етуге тұрғындардың шын ықыласпен атсалысып жатқанын көріп отырмыз. Тазалық әркімнің өзінен басталады және біз мұны нақты іспен дәлелдеп келеміз. Осындай шаралар жастардың еңбекке сүйіспеншілігін арттырып, туған жер табиғатына жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді», — деді Жанна Жантілеуова.
Ауданда абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары алдағы уақытта да күшейтілген тәртіпте жалғасады. Аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес, 15 сәуір мен 15 шілде аралығында Уәлиханов ауданында үш айлық көркейту және тазалық науқаны жарияланған. Осы кезеңде елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартып, сыртқы келбетін көркейтуге бағытталған тағы да көптеген шара жүзеге аспақ.

Тағы оқыңыз: Петропавлда білім беру саласына медиацияны енгізу мәселесі талқыланды

