Қазақстанда мектеп медицинасы цифрлық форматқа көшеді. Денсаулық сақтау министрлігі оқушылардың денсаулығына қатысты барлық мәліметті бір жүйеге біріктіруді жоспарлап отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Бұл туралы 8 мамырда өткен аппараттық кеңесте айтылды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мектеп жасындағы балаларды профилактикалық тексерудің қазіргі жүйесі тиімді емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, тексерулер көбіне формалды түрде жүргізіліп, басты назар баланың нақты денсаулығына емес, сандық көрсеткіштерге аударылып келген.
Министрлік мәліметінше, мектеп медицинасындағы негізгі проблемалардың бірі — тар бейінді мамандардың жетіспеуі. Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеме де жоғары. Соның салдарынан бір баланы тексеруге аз уақыт бөлінеді, ал кейбір ауруларды ерте анықтау қиындайды.
Жаңа жүйе аясында мектептер цифрлық медициналық жабдықтармен қамтылады. Олардың қатарында электрокардиографтар, пульсоксиметрлер, бой мен салмақ өлшейтін құрылғылар, отоскоптар және телемедицина жүйелері бар. Кейін мектептерді басқа да диагностикалық құрылғылармен жабдықтау жоспарланып отыр.
Ең басты өзгеріс — әр оқушының денсаулығы туралы деректер электронды форматқа көшеді. Барлық мәлімет Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне енгізіліп, әр балаға электронды денсаулық паспорты жасалады.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл баланың денсаулығын ұзақ мерзім бойы бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ дәрігерлер деректерді талдап, ауруларды ерте кезеңде анықтай алады.
Жаңа формат 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап барлық мектепте кезең-кезеңімен енгізіледі.
Тағы оқыңыз: Астанада дзюдодан халықаралық турнирі басталды

