9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Петропавлда Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен 314-атқыштар дивизиясының жауынгерлерін еске алуға арналған салтанатты гүл қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Тағзым шарасы даңқты дивизия ескерткішінің жанында ұйымдастырылды. Бұл әскери құрам 1941 жылдың жазында дәл Петропавл қаласында жасақталған болатын. Майданға аттанған мыңдаған солтүстікқазақстандық жауынгер Отанды қорғау жолында жан аямай шайқасты.

314-атқыштар дивизиясы Ленинград түбіндегі ауыр ұрыстарға қатысып, қаланы қоршаудан босату операциясында ерекше ерлік көрсетті. Кейін дивизия жауынгерлері соғыстың соңына дейін шайқасып, жеңісті Берлинге дейін жақындатуға үлес қосты. Тарихшылардың айтуынша, бұл құраманың жауынгерлік жолы – батылдық пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.

Салтанатты рәсімге Петропавл қаласының әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, әскери қызметкерлер және қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына тағзым етті.

Жиналғандар бір минут үнсіздікпен майданда қаза тапқан жауынгерлерді еске алды. Ескерткіш алдына қойылған әр гүл – бейбіт өмір сыйлаған ата-бабаларға деген құрметтің белгісі болды.
Тағы оқыңыз: Оқушылардың денсаулық деректері бірыңғай цифрлық жүйеге енгізіледі

