Петропавлда «Салтанат» бөбекжай-бақша ұжымында республикалық референдум қорытындылары талқыланды. Кездесу барысында жаңа Конституцияның ел болашағы үшін маңызы айтылып, оның қоғам мен мемлекетті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатынына назар аударылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Жиында Конституцияның прогрессивті сипаты, оның заманауи талаптарға сай мазмұны және қоғамдық қатынастарды жаңа деңгейге көтерудегі рөлі сөз болды. Ұжым мүшелері бұл құжаттың басты ерекшелігі — адам құқығы мен бостандығын, әділеттілік пен жауапкершілікті, тұрақтылық пен даму қағидаттарын алдыңғы орынға шығаруы екенін атап өтті.
Сонымен қатар басқосуда Құрылтай институтының орны, бір палаталы Парламенттің рөлі мен құрамы, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған тетіктер кеңінен әңгіме болды. Жаңа конституциялық бағдар елдің саяси жүйесін нығайтып қана қоймай, қоғамның сапалы дамуына серпін беретіні айтылды.
Кездесу кезінде экраннан Конституцияның негізгі басымдықтары мен ел дамуына беретін мүмкіндіктері көрнекі түрде таныстырылды. Ұжым мүшелері жаңа құқықтық негіздің мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді күшейтіп, болашақ ұрпақ үшін берік іргетас қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.
Тағы оқыңыз: Алдын ала нәтиже: тұрғындардың 87 пайызы жаңа Конституцияны қолдады

