Уәлиханов ауданында прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп «жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі» атты профилактикалық акция өткізді. Іс-шара жолда жауапты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жапондық «Қауіпсіздікке 5 қадам» әдісі негізінде ұйымдастырылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Акция барысында арнайы манекендер қолданылып, жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың салдары қатысушыларға көрнекі түрде көрсетілді. Ұйымдастырушылар бес негізгі қағидаға назар аудартты: жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіздік белдігін міндетті тағу, жолда зейінді болу, көлік жүргізу кезінде алаңдататын әрекеттерден (телефон және т.б.) бас тарту, жол жағдайына уақтылы әрекет ету.
Уәлиханов ауданының прокуроры Ермеш Оспанов мұндай шаралардың басты мақсаты құқық бұзушылықтың алдын алу екенін атап өтті.

«Біздің міндетіміз — бұзушылықтарға жауап беріп қана қоймай, олардың алдын алу. Әрбір жүргізуші түсінуі керек: жылдамдықты арттыру немесе көлік жүргізу кезінде телефонды пайдалану біреудің өмірін қиюы мүмкін. “Қауіпсіздікке 5 қадам” әдісі қарапайым, бірақ тиімді. Егер әрбір адам осы негізгі ережелерді сақтаса, жол-көлік оқиғаларының саны айтарлықтай азаяды», — деді аудан прокуроры.
Акция аясында жастармен профилактикалық жұмысқа да ерекше көңіл бөлінді. Іс-шараға оқушылар қатысып, болашақ жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін жолдағы тәртіптің маңызын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Манекендер арқылы апат салдары көрсетілгенде қатты әсер етті. Бір қателік бүкіл өмірді өзгерте алатынын түсінесіз. Енді мен әрқашан ата-анама белдік тағуды ескертемін және жолдан өткенде мұқият боламын», — деді 10-сынып оқушысы Аружан Нұртаева әсерімен бөлісті.
Ағартушылық бөлімнен бөлек, республикалық маңызы бар автожолда профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Жүргізушілерге, әсіресе ауа температурасы төмендеген кезеңде, қауіпсіз жүргізу бойынша ұсыныстары бар ақпараттық жадынамалар таратылды.

Ұйымдастырушылар жүргізушілер үшін тек бақылау емес, қамқорлық атмосферасын да қалыптастыруға тырысты: жолға шыққандарға бауырсақ пен тәттілер қосылған ыстық шай ұсынылды. Бұл суық мезгілде назар мен қолдаудың белгісіне айналды.
Аудан прокуратурасы мұндай алдын алу шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді. Негізгі мақсат — өңірде жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастырып, жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендету.
Тағы оқыңыз:Қозыбаев университеті сотталғандарға арналған жүйені іске қосады

