Петропавлда фельдершге агрессия танытқан тұрғын әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотта жауап берді. Ол медицина қызметкеріне құрметсіздік танытқанын мойындады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлдағы №1 қалалық емхананың фельдшері 10-шы қазан күні пәтерледі аралап, тексеру кезінде медициналық есепте тұрған азаматтың үйіне барған. Қызметтік міндетін атқару барысында медицина қызметкеріне, тұрғын тарапынан агрессивті мінез-құлық көрсетілген. Ол фельдшерге балағат сөздер айтып, бөгде адамдардың көзінше оны баспалдақ алаңынан шығарып жіберуге әрекеттенген.
Сот отырысында азамат өз кінәсін толық мойындады. Сот оның әрекетін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша саралап, жаза тағайындады.
Жас ерекшелігі және әкімшілік қамауға алу мүмкін еместігі ескеріліп, құқық бұзушыға 82 572 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Заңнамаға сәйкес, егер айыппұлды жедел түрде өтесе, 30% жеңілдік қарастырылған.
Тағы оқыңыз: Депутат балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін жасына қарай шектеуді ұсынды

