Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледжінде Роза Құсбекованың есімі көптен бері кәсібіне адалдықтың, өз ісіне деген сүйіспеншіліктің символына айналған. Қырық жылдан астам уақытын ол оқытуға, тәлімгерлікке және ұлттық дәстүрлерді сақтауға арнады. Зейнет жасына шықса да, Роза Садыққызы әлі де белсенді еңбек етіп, студенттерге тәжірибесін үйретіп, әріптестерін өмірсүйгіштігімен және сарқылмас қуатымен шабыттандырып жүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Трактор айдаудан өндірістік оқыту шеберіне дейін

Роза Садыққызы Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң, ол ССПТУ-131 оқу орнына түсіп, кең бейінді тракторист-машинист мамандығын меңгеріп, қызыл дипломмен бітірді. Кейінірек Щучьедегі  индустриалды-педагогикалық техникумында білімін жалғастырды.

Уәлиханов ауданының тұрғыны Роза Құсбекова қазақ асханасының қырықтан астам құпиясын сақтап келеді
Уәлиханов ауданының тұрғыны Роза Құсбекова қазақ асханасының қырықтан астам құпиясын сақтап келеді

«Әрқашан еңбектің адамды шыңдайтынына сенетінмін. Алғашында «Қаракөл» совхозында Т-40 тракторын айдап жұмыс істедім, – дейді Роза Құсбекова. – Әйел-механизаторлардың алғашқыларының бірі болдым, бұл мінезді шыңдады».

Ауылшаруашылық техникасынан асүйге ауыстырған  ол Астанада курстардан өтіп, 6-разрядты аспаз-калькулятор мамандығын алды. 2013 жылы қайта даярлау курсын тәмамдап, тағам дайындау технигі-технологі атанды.

«Ұстаз» дегенге лайық жан

Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледжінде Роза Садыққызы қырық жылдан астам еңбек етті. Осы уақыт ішінде талай буын аспаздарын тәрбиелеп, олар қазір Қазақстанның әр түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр.

Уәлиханов ауданының тұрғыны Роза Құсбекова қазақ асханасының қырықтан астам құпиясын сақтап келеді
Уәлиханов ауданының тұрғыны Роза Құсбекова қазақ асханасының қырықтан астам құпиясын сақтап келеді

«Роза Садыққызы – жоғары білікті өндірістік оқыту шебері. Зейнетте екеніне қарамастан, белсенді жұмысын жалғастыруда. Оның сабақтары әрқашан жоғары әдістемелік деңгейде өтеді. Студенттері оны қызығушылықпен тыңдайды, себебі ең күрделі тақырыптарды да қарапайым әрі әсерлі жеткізе алады», – дейді колледждің әдіскері Гүлзира Үсенова.

Қазір Роза Құсбекова студенттерге ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды үйретіп жүр. Бұдан бөлек, ол YouTube-ке оқытуға арналған бейнесабақтар жазып үлгерген. Ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шараларды да жиі ұйымдастырып, студенттер мен әріптестер үшін мерекеге айналдырады.

Ұлттық дәстүрдің жанашыры

Роза Садыққызының ең үлкен мақтанышы – білімі. Ол қазақ асханасының тағамдарын сақтап, насихаттауға көмектеседі. Биыл мамыр айында ол «Ұмытылған ұлттық тағамдар» атты облыстық шеберлік сабағын өткізіп, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Уәлиханов ауданының тұрғыны Роза Құсбекова қазақ асханасының қырықтан астам құпиясын сақтап келеді
Уәлиханов ауданының тұрғыны Роза Құсбекова қазақ асханасының қырықтан астам құпиясын сақтап келеді

«Жұмыс істеп жүрген кезімде ауданда ұмытылған ұлттық тағамдардан байқау өткізіле бастады. Өзім де аздап білетінмін – келін кезімде енемнен үйрендім. Алғашқы байқауда гран-при алдым, содан кейін үлкендерден, әжелерден, Шымкенттегі жеңгемнен көп нәрсе сұрап, үйрендім. Дайындап көріп, барған сайын қызығушылығым арта берді», – дейді ол.

Оның айтуынша, дәстүрлі тағамдардың барлығы ерекше тойымды, дәмді әрі терең символикалық мәнге ие. Мысалы, «жаужүректі» бұрын аналар алыс сапарға аттанған ұлдарына арнап пісірген. Ол ананың қамқорлығын білдіріп, ұлының жүрегін көзге көрінбейтін қауіптен қорғау үшін жасалған. Бұл тағамның негізгі құрамы – бауыр. Оны іш майдың қабығына орап, ерекше дәм мен ұзақ сақталу қасиетіне қол жеткізген.

«Бұл тағамдар тек дәмді ғана емес, сонымен қатар қасиетті мәнге де ие. Мысалы, қансоқта – қойдың бауыры, жүрегі мен өкпесінен жасалатын қазы, ал үлпершек – тұрмысқа шыққан қызға арналған дәстүрлі сый. Қазір үйде қой сойғанда, міндетті түрде жаужүрек жасаймын. Туысқандар оны асыға күтеді, ал күйеу балам қайта-қайта пісіріп беруімді сұрайды», – дейді Роза апай.

2022 жылы ол «Солтүстік Қазақстан – дәм мен дәстүр жобасының материалдар» атты жинақтың тең авторы болды. Бұл еңбекті М.Қозыбаев атындағы СҚУ басып шығарды.

Аудиториядан тыс өмір

Жасына қарамай, Роза Садыққызы ауданның мәдени өміріне белсене атсалысады. Ол «Қазына әжелері» ансамблінде ән айтып, мерекелерде көпшілікті қуантады. Сондай-ақ «Асық ату», «Тоғызқұмалақ» сияқты ұлттық ойындарға қызығушылықпен қатысып, жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Уәлиханов ауданының тұрғыны Роза Құсбекова қазақ асханасының қырықтан астам құпиясын сақтап келеді
Уәлиханов ауданының тұрғыны Роза Құсбекова қазақ асханасының қырықтан астам құпиясын сақтап келеді

«Тамақ пісіру маған әрқашан ұнайтын. Бірақ одан да қатты ұнайтыны – оны өзгелермен бөлісу. Студенттерге, туған-туысқандарға, қонақтарға дастарқан жайып, әсіресе, сирек кездесетін көне тағамдармен таңқалдыру – ерекше қуаныш», – дейді ол күлімсіреп.

Педагогикалық және қоғамдық жұмыстан тыс, ол төрт баласын – ұлдары Руслан мен Нұржанды, егіз қыздары Марал мен Жамалды тәрбиеледі. Ал немерелеріне ұлттық ойындарды үйретіп жүр.

Роза Садыққызының білім беру мен мәдени құндылықтарды сақтауға қосқан үлесін бағалау қиын. Әріптестері мен шәкірттері оның мейірімділігін, ашықтығын және шабыттандыра білетінін айтады.

«Ол тек тамақ жасауды ғана емес, мәдениет пен дәстүрді құрметтеуді де үйретеді. Осындай жандардың арқасында ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді», – дейді әріптестері.

Көпжылдық еңбегінің арқасында Роза Құсбекова көптеген жас мамандарға үлгі бола білді. Күн сайын ол кәсібіне және халқына деген сүйіспеншіліктің жасқа да, қиындыққа да қарамайтынын дәлелдеп келеді.

Тағы оқыңыз: СҚО колледждерінде сұранысы жоғары мамандықтарға грант аз бөлінген

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *