11 қыркүйекте Петропавлда KitapTime кітап фестивалі өтті. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана маңындағы алаңға өңірдің түкпір-түкпірінен кітапханашылар мен кітапсүйер қауым жиналды. Шараға Жамбыл ауданының өкілдері де белсенді қатысып, қонақтарға арнайы бағдарлама мен тақырыптық кітап көрмесін ұсынды, деп жазады Qazaqstan Media.
Фестиваль «Кітап адамдарға жол тартады» ұранымен өтті. Бірнеше сағатқа саябақ аллеясы ашық аспан астындағы үлкен оқу залына айналды. Мұнда буккроссинг алаңы, фотозоналар, ашық микрофон және тіпті «кітап асханасы» жұмыс істеді. Келушілер өздеріне ұнаған кітапты таңдап, әдебиеттермен алмасып, туған өлкенің тарихы туралы тың мәліметтер алды.

Жамбыл ауданының делегациясы фестивальге ерекше экспозиция дайындап әкелді. Орталық аудандық кітапхана көрмесін белгілі жазушы Иван Шуховтың туғанына 120 жыл толуына арнады. Ұйымдастырушылар жазушының сирек кездесетін шығармаларын, сондай-ақ оның өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптарды көпшілік назарына ұсынды.
«Иван Шуховтың жеке заттары қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Сол арқылы келушілер жерлес жазушының әдеби мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды», – деп хабарлады аудан әкімдігі мамандары.
Жамбыл ауданының өкілдері туған өлкенің мәдени байлығын мазмұнды түрде таныстыра білді. Көрме фестиваль қонақтарының назарын аударып, Иван Шуховтың отандық әдебиетке қосқан зор үлесін тағы бір мәрте еске салды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Startup ORDA 2.0» байқауының жеңімпазы анықталды

