Уәлиханов ауданында қазақ күресінен маңызды сайыс өтті. Боз кілемге кіл мықтылар шығатын «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Әрдайым күрес түрлерінен толағай табыстарға жетіп жүрген Уәлиханов ауданында қазақ күресінен «Уәлиханов барысы» турнирі өтті. Бұл жарыс аталған спорт түрінің кіл мықтылары жиналатын «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу болып табылады. Додаға ауданның түкпір-түкпірінен жиналған «сен тұр, мен атайын» дейтін спортшылар қатысты.
Жарыс шымылдығын оқушылар арасында өткен дода ашты. Оған 60 спортшы қатысты. Әр белдесу өте тартысты өтті. Әдемі әдістер мен қорғану тәсілдері жарыстың көркін қыздырды.
Кейін түйе палуан арасындағы сайыс өтті. Додаға түрлі жарыстарда аудан намысын қорғап, атой салған 12 спортшы қатысты. Шараға аудан әкімі Мұрат Абдулов арнайы келген.

«Палуандарға сәттілік тілеймін. Шын мықты жеңсін. Білек пен жүрек мықтылығын дәлелдей алған спортшылар өңір намысын абыроймен қорғайтынына сенемін», — деді аудан әкімі.
Түйе палуандар арасында өткен дода өте тартысты болды. Оңай кездесу болған жоқ. Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Бірлік Құнтасов иеленді. Тұғырдың екінші сатысынан Ақтүйесай ауылдық округінің палуаны Ерайыл Асылхан көрінді.
Додада барлығының жауырынын Кішкенекөл ауылдық округінің палуаны Айтуған Қайыргелді жер иіскетіп, чемпион атанды. Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жарыстың өтуіне жергілікті жеке кәсіпкерлер қолдау көрсетті. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен чемпиондық белбеуді табыс етті.
Жарысқа жас палуан Нұрлан Ханибеков қатысты. Ол Қозыбаев университетінде оқиды. Оны талай бәсекеде топ жарған Алтынбек Аусағитовтың ізбасары деп айтуға болады
Енді аудан барысы атанған Айтуған Қайыргелді өз туған жерінің намысын «Қызылжар барысы» турнирінде қорғайды. Айта кету керек, Уәлиханов ауданында 300 адам тұрақты түрде қазақ күресімен айналысады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да биыл жол жөндеуге 59 млрд теңге бөлінді

